Экспорт, инвестициялар және жаңа тәуекелдер: Астанадағы Berne Union жиынында не талқыланды | БАҚ біз туралы | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

БАҚ біз туралы

Экспорт, инвестициялар және жаңа тәуекелдер: Астанадағы Berne Union жиынында не талқыланды

Астанада экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандырушылардың ең ірі халықаралық бірлестігі — Berne Union-ның көктемгі отырысы ашылды. Қазақстан үшін мұндай форумды өткізу халықаралық бедел мәселесі ғана емес, сонымен қатар өңірлік қаржы және инвестициялық орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған ұзақмерзімді стратегияның бір бөлігіне айналып отыр.

Жаһандық тұрақсыздық, логистикалық тізбектердің өзгеруі және бизнестің тәуекелдерді сақтандыру құралдарына сұранысының артуы жағдайында дәл осындай алаңдар жаңа экономикалық одақтарды қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Астанаға мемлекеттік экспорттық-кредиттік агенттіктердің, жеке сақтандыру компанияларының, халықаралық банктер мен әлемдік экспорттық қаржыландыру нарығындағы ережелерді айқындайтын қаржы институттарының өкілдері келді.

Пленарлық отырысты ашқан Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов елдің экономиканы ырықтандыру және неғұрлым ашық инвестициялық орта қалыптастыру бағытын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Президент бастамашы болған реформалар негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге оң әсерін тигізіп отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 1,3%-ға өсіп, 144 млрд АҚШ долларына жетті. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 14,4%-ға артып, 20,5 млрд долларды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар рекордтық деңгейге — 43,5 млрд долларға жетті.

«Экономиканы ырықтандыру бағытының заңды жалғасы ретінде 2030 жылға дейінгі Сауда саясаты тұжырымдамасы бекітілді. Құжат аясында дамудың негізгі бағыттары айқындалды, олардың ішінде шикізаттық емес экспорт көлемін 52 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту басым міндеттердің бірі болып табылады», — деді ол.

Қазақстан халықаралық еркін сауда келісімдерінің желісін кеңейтуді жалғастыруда. Вьетнам, Сербия және Иранмен қолданыстағы келісімдерге өткен жылы БАӘ, Моңғолия және Индонезиямен жасалған келісімдер қосылды. Үкімет жаңа сауда архитектурасында Транскаспий халықаралық көлік бағыты ерекше маңызға ие болып отырғанын атап өтуде. Қазіргі таңда осы бағыт төңірегінде өңірлік ауқымдағы инфрақұрылымдық жобалардың тұтас кешені қалыптасуда. Сонымен қатар билік цифрлық экономика мен жасанды интеллектіні дамытуға ерекше назар аударып отыр.

«Көлік әлеуетін дамытумен қатар, Үкімет цифрлық трансформацияға ерекше көңіл бөлуде. Жасанды интеллект секторын дамыту стратегиясы 2026 жылға қарай IT-қызметтер экспортын 1,2 млрд АҚШ долларына жеткізуді көздейді. Бұл бағытта “Астана” халықаралық қаржы орталығы маңызды институт ретінде әрекет етеді. Ол ағылшын құқығы юрисдикциясында “жасыл” және исламдық қаржы құралдарын дамыту үшін бірегей жағдайлар ұсынады», — деп қосты Үкімет басшысы.

«Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин даму институтының ірі жобаларды сүйемелдеуге және қаржыландыру тетіктерін кеңейтуге бағытталған проактивті инвестициялық холдинг моделіне көшіп жатқанын айтты.

«Үкіметпен бірлесіп 2032 жылға дейін жалпы сомасы шамамен 170 млрд АҚШ долларын құрайтын перспективалы жобалар пулы қалыптастырылды. Осы ауқымды стратегияны жүзеге асыруда Берн одағы мүшелерінің сақтандыру және бірлесіп қаржыландыру құралдарын ұсынудағы рөлі ерекше маңызды», — деді ол.

Сонымен қатар Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің (ЭКА) басқарма төрағасы Аллен Чайжүнісов Berne Union көктемгі отырысының Астанада өтуін тарихи ауқымдағы оқиға деп атады.

«Мұндай деңгейдегі форум біздің өңірде алғаш рет өтіп отыр. Оған 45 елден 193 делегат қатысты. Астанаға Bpifrance, SACE, KSure, SINOSURE секілді жетекші ұйымдарды қоса алғанда, 84 ірі қаржы институтының өкілдері келді. Жалпы алғанда, Одақ мүшелері жыл сайын 3 трлн АҚШ долларынан астам сауда мәмілелеріне сақтандыру қорғанысын қамтамасыз етеді, бұл әлемдік сауданың шамамен 13%-ын қамтиды», — деді ол.

ЭКА басшысының пікірінше, «Crossroads» («Түйісу нүктесі») ұранымен Астананың форум алаңы ретінде таңдалуы — Қазақстанға деген жоғары сенімнің және еліміздің жаһандық нарықтағы сенімді ойыншы ретінде мойындалуының белгісі.

«Халықаралық сақтандыру корпорациялары мен эксимбанктер басшыларымен тікелей диалог бізге Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырумен қатар, еліміздің ЭЫДҰ елдері арасындағы беделін нығайтуға мүмкіндік береді. Практикалық тұрғыдан алғанда, бұл біздің Экспорттық-кредиттік агенттік үшін бизнесті қолдаудың үздік әлемдік стандарттарын Қазақстанда енгізуге мүмкіндік», — деп түйіндеді Аллен Чайжүнісов.

Форум қатысушыларының ерекше назары Berne Union президенті Юичиро Акитаның сөз сөйлеуіне ауды. Ол жиын кулуарында журналистердің сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Оның бағалауынша, Қазақстан бүгінде дамудың бірегей кезеңінде тұр — географиялық орналасуы, табиғи ресурстары және өсіп келе жатқан экономикасы елді жаһандық капитал үшін тартымды етеді.

«Менің ойымша, Қазақстанның әлеуеті зор: экономикасы өсіп келеді, табиғи ресурстары мол. Геосаяси тұрғыдан да бұл өте маңызды орын. Сондықтан көптеген халықаралық инвесторлар инвестиция салудың тиімді мүмкіндіктерін үлкен қызығушылықпен іздеуде. Ал дәл қазір осындай іс-шараны өткізу — инвесторларды тарту үшін өте қолайлы уақыт», — деді ол.

Алдағы жылдардағы инвесторлар үшін негізгі сын-қатерлер туралы айта келе, Юичиро Акита табыстың басты шарты мемлекет пен жекеменшік сектор арасындағы тиімді әріптестікті қалыптастыру екенін атап өтті.

«Біздің әлеуетті жобаларымыз өте көп. Бірақ оларды инвестициялық тартымды әрі қаржылық тұрғыдан жүзеге асатын ету үшін мемлекет пен жекеменшік сектордың тығыз ынтымақтастығы қажет. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті және тиісті институционалдық базаны дамыту өте маңызды. Бұл инвесторларға кез келген өңірде елге қаражат салу кезінде сенімділік береді. Негізгі сын-қатерлер дәл осында деп ойлаймын», — деді ол.

Berne Union басшысы Астананың көктемгі отырыс алаңы ретінде таңдалу себептеріне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан геосаяси рөлі мен стратегиялық маңызды табиғи ресурстарының арқасында халықаралық инвестициялық қауымдастықтың назарында тұр.

«Ең алдымен, сіздердің Үкіметтеріңіз Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігімен және “Бәйтерек” холдингінің қолдауымен осы сәтті өте дер кезінде пайдаланды. Қазір Қазақстанда осындай іс-шара өткізу үшін мінсіз уақыт. Геосаяси жағдай күрделі, ал стратегиялық маңызды минералдар мен табиғи ресурстар бүгінде бүкіл әлем үшін аса маңызды. Сондықтан бұл іс-шараны Астанада өткізу — осындай мәселелерді талқылау үшін өте орынды шешім», — деді ол.

Юичиро Акитаның пікірінше, қазіргі форум Қазақстанның инвестициялық позицияларын едәуір күшейтіп, тұтас өңірдің дамуына жаңа серпін бере алады.

«Berne Union мүшелері — тек мемлекеттік агенттіктер ғана емес, сонымен қатар жеке инвесторлар, сақтандыру компаниялары мен халықаралық қаржы ұйымдары. Олардың барлығы Қазақстандағы жобалардың жүзеге асуы үшін қажет. Сондықтан Орталық Азия мен Қазақстан алдындағы сын-қатерлерді бірге талқылау өте маңызды. Бұл — осы іс-шараның басты мақсаты. Мен бұл Қазақстан үшін өте пайдалы болады деп шын сенемін», — деді ол.

Одақ басшысы болашақта Қазақстан тек транзиттік аумақ мәртебесімен шектелмей, бүкіл өңір үшін толыққанды экспорттық қаржыландыру платформасына айнала алатынына сенімді.

«Елдегі жобалардың жүзеге асуы үшін инвесторлардың тәуекелдерін ішінара төмендету өте маңызды. Біздің мүшелер дәл осы тәуекелдерді өз мойнына алуға көмектеседі. Ал Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі көптеген қатысушыларымыз үшін негізгі серіктес болып табылады және Қазақстанға инвестиция салуды мүмкін етеді. Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі мен “Бәйтерек” холдингінің арқасында Қазақстандағы жобаларды қаржыландыру шынайы іске айналып отыр. Олар жаһандық инвесторлар үшін аса маңызды инвестициялық серіктестер», — деп қорытындылады ол.

Berne Union мәліметінше, 2025 жылы ұйым мүшелері қолдаған мәмілелердің жалпы көлемі рекордтық 3,7 трлн АҚШ долларына жетті. Бұл әлемдік экономиканың инвестицияларды қорғау және экспорттық қаржыландыру құралдарына деген сұранысының өсіп келе жатқанын көрсететін негізгі индикаторлардың бірі болды.

Сессия аясында Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі мен ірі халықаралық қаржы институттары — Türk Eximbank, Saudi EXIM Bank, BAEZ және ASHRA арасында стратегиялық келісімдерге қол қойылды. Қол қойылған құжаттар экспорттық тәуекелдерді өзара қайта сақтандыру тетіктерін дамытуға, инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыруға, сондай-ақ Қазақстанның шикізаттық емес экспортын Таяу Шығыс пен Еуропа нарықтарына ілгерілетуге бағытталған.

Қол жеткізілген келісімдерді іске асыру отандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қолдауды күшейтуге, сыртқы сауда операцияларының тұрақтылығын арттыруға, қазақстандық бизнестің халықаралық қаржы құралдарына қолжетімділігін кеңейтуге және Қазақстанның жаһандық қаржы-экономикалық жүйеге интеграциясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі Қысқамерзімді сақтандыру комитетінің құрамына үміткер болып отыр. Бұл халықаралық интеграцияның сапалы жаңа деңгейіне көшу және Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің жаһандық сарапшылық қауымдастықтың толыққанды қатысушысы ретінде танылуы ретінде бағалануда.

Пленарлық отырыс B2B форматындағы екіжақты кездесулер сериясымен аяқталды. Форум жұмысы 13–14 мамыр күндері салалық комитеттер мен Прага клубының кездесулері аясында жалғасады. Пікірталастар қорытындысы бойынша келесі отырысты Токио (Жапония) қабылдайтыны ресми түрде жарияланды.

Дереккөз: https://kapital.kz/economic/147957/eksport-investicii-i-novye-riski-o-chem-govorili-na-berne-union-v-astane.html

consultation Кеңес ал!