Қазақстандық бизнес тұрақты даму қағидатын ұстанады | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Қазақстандық бизнес тұрақты даму қағидатын ұстанады

 Астанада «Тұрақты даму қағидатын ұстанатын қазақстандық бизнес» атты панельдік отырыс өтті. Жиынды Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі кеңсесі ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – бизнес-қоғамдастықты тұрақты даму қағидатымен және бұл бағыттағы Қазақстанның нәтижелерімен таныстыру, сондай-ақ БҰҰ-ның бизнес-сектормен байланысын нығайту.

Отырысқа Қазақстанның Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов, Hepsiburada компаниялар тобының Бас директоры Эмин Имер, «KazakhExport» экспортты сақтандыру компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Аян Бектібаева, Қазақстанның мемлекеттік органдары мен бизнес-қоғамдастықтарының өкілдері, БҰҰ серіктестері және Жаһандық шарт мүшелері қатысты.

Іс-шара аясында бизнес экономика өсімі, жаңа жұмыс орындары, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған инновациялар және климаттың өзгеруіне қарсы күресте маңызды роль атқаратыны атап өтілді. Бүгінде Қазақстанның 52 компаниясы БҰҰ Жаһандық шартының мүшесі. ТДМ индексі бойынша Қазақстан 166 елдің ішінде 66-шы орында тұр.

«Бизнесті жүргізудің тұрақты әдістері енді заман қажеттілігі болып отыр. Бұл жол – тұрақтылыққа, бәсекеге қабілеттілікке және ұзақмерзімді табысқа апаратын жол», - деді БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори. 

Өз кезегінде сөз алған Аян Бектібаева сессия қатысушыларына KazakhExport тұрақты даму саясатын, компанияның ТДМ жолындағы және экономиканы дамытуға қосқан үлесі туралы айтып берді: «KazakhExport әлеумет алдында жауапты компания ретінде ESG факторларын өз қызметіне енгізіп жатыр. Компанияның 2024-2033 жылдарға арналған даму жоспарында басты назар тұрақты даму саласындағы бастамаларды дамытуға, ESG тиімділігінің жаңа негізгі тетіктеріне, тұрақты даму жобаларын қолдауға және компанияның декарбонизация мен климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылына негізделген».

Сондай-ақ А.Бектібаева KazakhExport бизнес-процестерге ESG қағидаттарын енгізу тұжырымдамасы әзірленгенін атап өтті.  Тұжырымдама шеңберінде өтініш берушілерге олардың ESG қағидаттарына деген ұстанымы бойынша сауалнама бекітілген. Сонымен қатар, KazakhExport ESG-қағидаттарын іске асыратын клиенттерге бонус қарастырып отыр.

Еске салайық, KazakhExport – ESG саласындағы әлемдегі ең ірі жоба – UN Global Compact  толыққанды мүшесі.

UN Global Compact жобасы аясында KazakhExport БҰҰ-ның адам құқықтары, еңбек құқықтары, қоршаған ортаны қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы жаһандық шартының 10 қағидатын сақтауға, сондай-ақ БҰҰ-ның ESG саласындағы 17 мақсатын дамыту бойынша міндеттеме алды.

БҰҰ-ның жаһандық шартының басты ерекшелігі – оған қосылған компания өзінің жаһандық тұрақты даму мақсаттарына адалдығын білдіреді. Осылайша, компаниялар тек қаржы пайдасын көздейтін емес, сонымен қатар ESG принциптерін ұстанатын озық компаниялар қатарына кіреді.