Шетелдік серіктестерге пандемия кезеңінде қазақстандық экспорттаушыларды қолдау туралы айтылды | Баспасөз релизі | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Баспасөз релизі

Шетелдік серіктестерге пандемия кезеңінде қазақстандық экспорттаушыларды қолдау туралы айтылды

2021 жылғы 19 тамызда Инвестициялар мен экспорттық кредиттерді сақтандыру жөніндегі ислам корпорациясы (ICIEC) ұйымдастырған «COVID-19 кейінгі дәуірдегі ресурстарды жұмылдырудағы кредиттік және саяси тәуекелдерді сақтандырудың рөлі» тақырыбында халықаралық вебинар болып өтті.

Онлайн-шараға сауда, кредиттеу, инвестициялау және сақтандыру саласындағы жетекші қаржы ұйымдарының сарапшылары - ICIEC бас директоры Усама Каисси, ICBC Standard Bank plc жаһандық нарықтар бөлімінің басшысы Стивен Гарджуло, «KazakhExport» ЭСК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ердан Бекхожин, Bank of Africa халықаралық трансшекаралық қызмет және қаржы институттары жөніндегі директордың орынбасары Амин Ламамси қатысты.

Панельдік сессиялар барысында қатысушылар COVID-19 пандемиясы кезеңінде тәуекелдерді азайту бойынша өзекті құралдарды талқылады және экспорттық кредиттер мен саяси тәуекелдерді сақтандыру бойынша іске асырылған кейстерді көрсетті, бизнес-белсенділікті қалпына келтіру үшін жаңа тетіктерді қолдану мүмкіндіктерін қарастырды. 

Іс-шара барысында «KazakhExport» ЭСК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ердан Бекхожин коронавирус пандемиясы жағдайында KazakhExport өңдеуші өнеркәсіптің қазақстандық экспорттаушыларын сенімді қолдауды қамтамасыз ететіні туралы айтты. Қызметкерлердің қашықтан жұмысқа уақытылы және сапалы көшуі қамтамасыз етілді, нәтижесінде компанияның бизнес-процестерінде іркілістер болмады, онлайн-алаңға көшу қағаз айналымының төмендеуіне ықпал етті.

- Пандемия жағдайында экономиканың басым секторларында отандық өндірушілерге қолдау көрсетіледі - бұл машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, металлургия, химия өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп және қызмет көрсету салалары. Өткен жылы біз экспорттаушы кәсіпорындарға $315 млн астам сомаға сақтандыру қолдауын көрсеттік», - деп нақтылады ол.  

Спикердің айтуынша, мемлекет осы күрделі кезеңде бизнестің басты тірегі болып табылады. KazakhExport-ты күшті капиталдандыру және мемлекеттік кепілдік отандық экспорттаушыларды қолдау үшін сақтандыру сыйымдылығын ұлғайтады және компанияның өз сақтандыру міндеттемелерін орындауы үшін қамтамасыз ету болып табылады, бұл да шетелдік әріптестердің KazakhExport сақтандыру өтеміне сенімін арттырады.

«Биыл біздің мақсатымыз - 10 жыл мерзімге $235 млн астам сомаға мемлекеттік кепілдік алу», - деді Ердан Бекхожин.

Сонымен қатар ол «KazakhExport» халықаралық ынтымақтастық бағыттарын ұдайы кеңейтіп отырғанын атап өтті. «Біз халықаралық ұйымдармен тұрақты қарым-қатынас жасап отырмыз. Біздің компанияның стратегиялық серіктесі ICIEC - Инвестициялар мен экспорттық кредиттерді сақтандыру жөніндегі ислам корпорациясы болып табылады. KazakhExport пен ICIEC алдағы қайта сақтандыру квоталық шарты шеңберінде өз ынтымақтастығын кеңейтеді. ICIEC бізбен іс жүргізуге дайын екендігі біздің қарым-қатынастарымыздың дұрыс бағытта дамып келе жатқандығының дәлелі болып табылады. Инвестициялар мен экспорттық кредиттерді сақтандыру жөніндегі ислам корпорациясы өзінің мықты қаржылық жағдайымен және үлкен тәжірибесімен танымал. ICIEC-мен ынтымақтастық бізге жаңа сақтандыру міндеттемелерінің көлемін арттыруға көмектеседі», - деп түйіндеді спикер.

Пікірталас барысында пандемия кезінде ресурстарды жұмылдыру және қатысушы елдерді қолдау үшін ICIEC мен серіктестер қабылдаған кейбір инновациялық құрылымдар мен бастамалар да көрсетіліп, даму процесінің түрлі қатысушылары мен жеке сектор арасындағы серіктестіктің рөлі тағы да атап өтілді.