Президент Экспорт-кредит агенттігі және экспортты дамыту туралы заңға қол қойды | Баспасөз релизі | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Баспасөз релизі

Президент Экспорт-кредит агенттігі және экспортты дамыту туралы заңға қол қойды

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Заң Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында әзірленді. Жоба «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес компаниясы «KazakhExport» ЭСК» АҚ базасында экспорт-кредит агенттіктің (ЭКА) арнайы құқықтық мәртебесін қалыптастыруды, сондай-ақ шикізат емес экспортты қолдау мен дамытудың негізгі шараларын біріктіруді көздейді.

ЭКА шикізат емес экспортты дамыту және күшейту жөніндегі ұлттық институт ретінде жұмыс істейтін болады. Бұл бизнестің экспорт мүмкіндігін кеңейтуді және қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, KazakhExport ЭКА мәртебесін алғаннан кейін экспорттаушыларға көрсететін қызмет түрлерін едәуір арттырады. Атап айтқанда, сақтандыру және қайта сақтандыру, экспорт алдындағы және экспорттық сауда-саттықты қаржыландыру, сондай-ақ жаңа-экспорт операцияларына кепілдік беру, сауда-саттықты қаржыландыру бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау есебінен шикізат емес экспортты қолдау шараларын кеңейтуді мақсат етеді.

Еске салайық, бүгінде KazakhExport экспорт-кредит агенттігінің функцияларын жүзеге асырады. Компания – шикізат емес экспортты дамыту жөніндегі бірыңғай оператор. KazakhExport Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы негізінде жұмыс істейді.