KazakhExport және SACE шикізат емес экспорт саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды | Баспасөз релизі | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Баспасөз релизі

KazakhExport және SACE шикізат емес экспорт саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

«KazakhExport» экспортты сақтандыру компаниясы» АҚ мен Италияның «SACE» экспорт-кредит агенттігі ынтымақтастықты дамыту және экспорт саудасын қолдау жөнінде өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Меморандум Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италия Республикасына ресми сапары аясында жүзеге асты. Құжатқа KazakhExport тарапынан «Бәйтерек «Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров, SACE атынан Агенттіктің Бас директоры Алессандра Риччи қол қойды.

Меморандум Италия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамытуға, Орталық Азияда бизнес жүргізуге ниетті итальяндық компанияларды қолдау арқылы инвестиция тартуға және шетел нарығында қазақстандық компаниялардың емін-еркін саудаласуына жол ашады. Одан бөлек, келісім шикізат емес экспортты дамыту, сауда және коммерция тәуекелдерін сақтандыру мүмкіндігін қарастырады.

Құжат «KazakhExport» экспортты сақтандыру компаниясы» АҚ мен SACE экспорт-кредит агенттігі үшін экспорттаушыларды қолдауға бағытталған бірқатар инновациялық әдістеме бойынша тәжірибе алмасуды көздейді. 

Бүгінде KazakhExport Италия бизнесі қатысатын жобалар бойынша SACE экспорт-кредит агенттігімен ынтымақтастықты күшейту мүмкіндіктерін зерттеп жатыр. Атап айтқанда, компания итальяндық капиталды пайдалана отырып, Қазақстанда экспортқа негізделген инвестициялық жобаларды құру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

  

Анықтама:

«KazakhExport» ЭСК» АҚ – экспорт-кредит агенттігінің міндетін жүзеге асыратын және еліміздегі шикізат емес тауарларды экспорттауға жағдай жасайтын Біріңғай оператор.

2023 жылы өндеуші сектор экспорттаушыларын сақтандыру қолдауы 324,8 миллиард теңгеге жетті. Биыл 80-нен астам экспорттаушы KazakhExport қолдауын тауып, 466 импорттаушымен сауда қатынасына түсті. Оның ішінде 27 экспорттаушы компания көмегіне алғаш рет жүгініп отыр.

Қолдау көрсетілетін кәсіпорындар экономиканың тамақ және химия өнеркәсібі, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, металлургия және басқа да маңызды салаларында жұмыс істейді.

Экспорттық бағыттар тізімінде Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Түрікменстан, Әзірбайжан, Литва, Украина, Беларусь, Италия, Түркия және т.б. елдер бар.