KazakhExport пен «РСК Банкі» Қазақстаннан Қырғызстанға жөнелтілетін өнімдер мен қызметтер экспортына қолдау көрсетеді | Баспасөз релизі | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Баспасөз релизі

KazakhExport пен «РСК Банкі» Қазақстаннан Қырғызстанға жөнелтілетін өнімдер мен қызметтер экспортына қолдау көрсетеді

«KazakhExport» ұлттық экспорттық сақтандыру компаниясы мен «РСК Банк» ААҚ (Қырғыз Республикасы) ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қос тарап Қазақстан Республикасынан Қырғыз Республикасына жөнелтілетін өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді экспорттау аясында банк клиенттерін сақтандыратын болады, сондай-ақ саудалық қаржыландыру саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру туралы ортақ шешімге келді.

Одан бөлек, келісім стратегиялық әріптестікті дамытуды, бірлескен бағдарламалар мен жобалардан хабар беретін семинарларды, дөңгелек үстелдерді, презентацияларды ұйымдастыруды көздейді. Сонымен қатар, сыртқы сауда қызметін жүзеге асыратын компанияларды қаржыландыру/сақтандыру және өзге де қолдау көрсету мәселесі қарастырылған.

«Бұл келісім Қырғызстандағы қазақстандық өнімді сатып алушыларға жеңілдетілген саудалық қаржыландыруға ие болуға мүмкіндік береді. Біз екіжақты ынтымақтастық аясында жиһаз жеткізу бойынша алғашқы жобаны талқыға салдық. Алдағы уақытта Қырғызстанның басқа банктері де KazakhExport бағдарламасына қызығушылық танытады деп үміттенеміз», деді KazakhExport Басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Мұқажанов.

              Өз кезегінде «РСК Банк» ААҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақылбек Тұрдалиев ынтымақтастықтың мүмкіндігі кең екенін жеткізді: «РСК Банкі - KazakhExport компаниясымен байланыс орнатқан Қырғызстанның алғашқы банкі. Бұл ынтымақтастық қазақстандық өнімді Қырғызстанға саудалық қаржыландыру арқылы жеткізуді жоспарлап отырған кәсіпкерлерге, яғни экспорттаушылар мен импорттаушылар үшін тамаша мүмкіндік екені анық».

              Қол қою рәсімі қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесі мен Қазақстан мен Қырғызстанның I өңіраралық ынтымақтастық форумының алаңында өтті.

              Айта кетейік, KazakhExport компаниясының «Экспорттық саудалық қаржыландыру» және «Аккредитивтерді сақтандыру» қолдау көрсету құралдары шетелдік сатып алушылар тарапынан қазақстандық өнімге сұранысты арттыру үшін енгізілді. Қаржыландыру төлем шарттары бойынша есеп айырысудың аккредитивтік нысанын қолдана отырып, Қазақстанның екінші деңгейдегі банктері арқылы жанама түрде ұсынылады.

              Еске салайық, KazakhExport 2019 жылдан бастап Қырғыз Республикасында (Бішкек қ.) ұсынылған. Өңірлік директор – Сталбек Сазбақов. С.Сазбақов өз қызметі аясында кәсіпкерлердің тікелей байланыстарын жолға қоюға, қазақстандық кәсіпорындар мен Қырғыз Республикасындағы әлеуетті сатып алушылар арасындағы сауда қатынастарын дамытуға, сондай-ақ екіжақты мәмілелер тәуекелдерін барынша азайтуға ықпал етеді.

«KazakhExport» ЭСК» АҚ Байланыс ақпараты:

Ақпарат және коммуникациялар департаменті

Тел: +7 (7172) 95-56-56 іш.146, 143

https://kazakhexport.kz/ 

              Анықтама:

              «KazakhExport» ЭСК»  АҚ – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес компаниясы. Компанияның негізгі міндеті – түрлі қаржы құралдары арқылы отандық шикізаттық емес экспорттаушыларға қолдау көрсету. 2016 жылдан бастап KazakhExport 200-ден астам экспорттаушыға  870 миллиард теңгеден астам сомаға қолдау көрсетті.

              Қолдау көрсетілетін кәсіпорындар экономиканың тамақ және химия өнеркәсібі, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, металлургия және басқа да маңызды салаларында жұмыс істейді. Экспорттық бағыттар тізімінде Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Түрікменстан, Әзірбайжан, Литва, Украина, Беларусь, Италия, Түркия және т.б. елдер бар.

               Бағдарлама туралы толығырақ мына сілтеме арқылы білуге болады: https://kazakhexport.kz/ru/page/eksportnoe-torgovoe-finansirovanie