Қазақстандық экспорттаушыларға қолдау көрсету көлемі рекордтық көрсеткішке – 259,1 млрд теңгеге жетті | Баспасөз релизі | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Баспасөз релизі

Қазақстандық экспорттаушыларға қолдау көрсету көлемі рекордтық көрсеткішке – 259,1 млрд теңгеге жетті

Жедел деректер бойынша, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамының қазақстандық экспорттаушыларға қолдау көрсету көлемі 2022 жылдың қорытындысы бойынша рекордтық көрсеткішке – 259,1 млрд теңгеге жетті. 2021, 2020 жылдары бұл көрсеткіш 204,7 млрд теңгеден және тиісінше 134 млрд теңгеден аспаған болатын. Ұсынылған экспорт алдындағы және экспорттық-сауда қаржыландыру көлемі 20,02 млрд теңгені құрады.

«KazakhExport» Басқарма төрағасы Аслан Қалигазиннің айтуынша, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында тұрақсыз экономикалық жағдайға байланысты көптеген елдердің экспорты айтарлықтай төмендеді, екінші жартыжылдықта қазақстандық компаниялар өзгерістерге бейімделіп, өздерінің сыртқы сауда операцияларын қалпына келтіре алды.

 «2022 жылы KazakhExport 80 экспорттаушыға қолдау көрсетті, олардың 21-і бұдан бұрын ынтымақтастық болмаған компаниялар. Олар 526 шетелдік сатып алушымен сауда қатынастарын орнатты. Қазақстандық экспортқа қолдау көрсетуге бюджет қаражатын пайдаланбай, «KazakhExport» сақтандыру өтемімен қаржы институттарынан 166,2 млрд теңге сомаға қаражат тартылғанын атап өткен жөн», - деді Аслан Калигазин. 

Экспорттық бағыттар тізімінде Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Түрікменстан, Әзірбайжан, Литва, Украина, Беларусь, Италия және Түркия сияқты елдер бар.

Салалар бойынша тамақ өнеркәсібі – 42% (май-тоң май өнімдері, сусындар, тұз, ұн, жарма, крахмал, кондитерлік, шұжық және ет өнімдері). Машина жасау мен металлургияға 24,4% және тиісінше 14,4%, көрсетілетін қызметтер экспортына - 5,3%, химия өнеркәсібінің тауарларына - 3,4%, агроөнеркәсіптік кешен өнімдеріне – 2,4% келеді.

Компанияның өткен кезеңдегі басты оқиғаларының қатарында – Өзбекстан, Тәжікстан банктерімен аккредитив шеңберінде жеңілдікпен қаржыландыруды тарта отырып, Қазақстаннан тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің импортына сұранысты ынталандыру туралы қол қойылған стратегиялық келісімдер, Иран банктерімен экспорттық кредиттер мен инвестицияларға кепілдік беру және сақтандыру саласында, Қырғызстан банктерімен қайта сақтандыру шеңберінде қол қойылған стратегиялық келісімдер. Қол жеткізілген келісімдер қазақстандық өндірушілерге сыртқы нарыққа қолжетімділік береді және шикізаттық емес экспорттың өсуін ынталандырады.

2016 жылдан бастап осы уақытқа дейін «KazakhExport» 845,3 млрд теңге сомасына 196 қазақстандық экспорттаушыға қолдау көрсетті.