«KazakhExport» АҚ және «EGAP» Чех экспорттық кепілдеу және сақтандыру қоғамы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

«KazakhExport» АҚ және «EGAP» Чех экспорттық кепілдеу және сақтандыру қоғамы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды

Прагада экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды 

2017 жылғы 1 наурызда Прагада Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев пен Чех Республикасының Өнеркәсіп және сауда министрі орынбасары Йиржи Колибаның бірлескен төрағалығымен Экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Чех Үкіметаралық комиссиясының тоғызыншы отырысы өтті.

Отырыс барысында тараптар сауда және экономика, инвестициялар, энергетика, өнеркәсіп, білім және ғылым, ауыл шаруашылығы, туризм, сондай-ақ өңіраралық әрекеттестік салаларындағы ынтымақтастықтың жағдайы мен келешегі талқыланды. 

Елдер арасындағы өзара тауар айналымы 2016 жылы 252,2 млн. АҚШ долларын құраған, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 7,2 %-ға кем (271,8 млн. АҚШ долл.). Әлемдік нарықтардағы шикізат тауарлары мен қуат көзі бағаларының төмендеуі тауар айналымы деңгейінің құлдырауының себебіне айналды. Осыған байланысты, тараптар екі ел мен халық мүддесінде сауда-экономикалық қатынастарды жандандыру мен нығайтудың маңыздығы мен қажеттілігін, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастық әлеуетін одан әрі жүзеге асыруға жоғары қызығушылық танытатынын атап өтті.  

Үкіметаралық комиссияның жұмысы 2 жұмыс тобында өтті: энергетика және барлық басқа салалардағы ынтымақтастық бойынша (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ғылым және білім, денсаулық сақтау, туризм және т.б.).

Отырыстың нәтижелері бойынша Үкіметаралық комиссияның бірлескен төрағалары Бақытжан Жақсалиев пен Йиржи Колиба тоғызыншы отырыстың қорытынды хаттамасына қол қойды.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі мен Чех стандарттау, метрология және сынау басқармасы арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға, сондай-ақ «KazakhExport» АҚ мен «EGAP» Чех экспорттық кепілдеу және сақтандыру қоғамы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Чех Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылар тобы үшін арнайы оқу семинары және медициналық, ауруханалық жабдықтар өндіретін LINET компаниясының өндірісіне саяхат ұйымдастырылды.

Сапар барысында чех тәжірибесін зерделеу мақсатында, Б.Жақсалиев Тушимица қаласындағы жетілдірілген электр станциясында болды, сонымен қатар Чехия Парламентінің Депутаттар палатасы Төрағасының Орынбасары – «Чехия – Қазақстан» Парламентаралық достық тобының төрағасы – Войтех Филиппен кездесті, кездесу барысында екі жақты қатынастардың бүкіл тұстары, соның ішінде парламентаралық байланыстар да талқыланды.