Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі «Dushanbe Invest» форумында қаржылық-сақтандыру құралдарын таныстырды
«Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) Тәжікстан Республикасындағы Өңірлік директор офисінің өкілдері 14-15 қазанда Тәжікстан астанасында өткен «Dushanbe Invest 2026» Халықаралық инвестициялық форумына қатысты.
Биылғы халықаралық конгресс іс-шарасы Тәжікстанның Кәсіпкерлер күніне орайластырылып, Орталық Азияның іскерлік және қаржы секторларының негізгі қатысушыларының басын қосты.
Форумның бірінші күні Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның отандық және шетелдік бизнес, инвесторлар және даму институттарының басшыларымен пленарлық кездесуі өтті. Пікірталас барысында инвестициялық климатты жақсартудың, жеке секторды жүйелі қолдаудың стратегиялық мәселелері, сондай-ақ халықаралық экономикалық кооперацияны кеңейтудің келешегі бар бағыттары қаралды.
15 қазанда іскерлік бағдарламаны капитал тартудың, кәсіпкерлікті дамытудың және мемлекеттік пен жеке секторлар арасында тікелей серіктестік орнатудың негізгі диалог алаңы болып табылатын G10 Insight Forum 2026 Халықаралық инвестициялық форумы жалғастырды.
Форум шеңберінде ЭКА делегациясы банк, сақтандыру және қаржы секторларының көшбасшыларымен тақырыптық дөңгелек үстелдерге қатысты, сондай-ақ B2B форматындағы екіжақты кездесулер сериясын өткізді.
Келіссөздер барысында қазақстандық тауарлардың әлеуетті импорттаушылары мен шетелдік серіктестерге ЭКА-ның институционалдық қаржылық-сақтандыру құралдары таныстырылды. Мүдделі тараптарға сыртқы сауда операцияларын жеңілдікпен қаржыландыру тетіктері, коммерциялық және саяси тәуекелдерді жабу құралдары, сондай-ақ Тәжікстан нарығына өңдеу секторындағы қазақстандық өнім жеткізілімін кеңейту шарттары туралы ақпарат ұсынылды.
ЭКА-ның форумға қатысуы әлеуетті серіктестер пулын едәуір кеңейтуге, даму институттарымен уағдаластықтарды бекітуге және Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге негіз қалауға мүмкіндік берді.
