ЭКА Тәжікстан нарығына экспорттайтын өндірушілерді қолдау көлемін арттырады | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

ЭКА Тәжікстан нарығына экспорттайтын өндірушілерді қолдау көлемін арттырады

Тәжікстанда 100-ден астам қатысушының басын қосқан Pamir Invest – 2026 халықаралық инвестициялық форумы өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Ресей және өзге де елдердің инвесторлары мен кәсіпкерлері қатысты.

Форум жұмысына «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Тәжікстан Республикасындағы өңірлік директоры Рамеш Худоиев қатысты. Ол Агенттіктің экспорттаушыларды қолдауға арналған қаржылық және сақтандыру құралдарын таныстырып, қазақстандық және шетелдік банктермен бірлесіп жүзеге асырылатын сауданы қаржыландыру тетігіне ерекше тоқталды.

Бұл қолдау құралы шетелдік сатып алушыларға қазақстандық өнімді қолайлы қаржыландыру шарттарымен сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде экспорттаушыларға серіктестеріне төлемнің икемді шарттарын ұсынып, өз өтімділігіне қауіп төндірмей сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

Рамеш Худоиев өз сөзінде ЭКА экспорттаушыларға қаржылық қолдау көрсетумен қатар, қазақстандық өнімді халықаралық нарықтарда ілгерілету бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Осы мақсатта екі ел кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланысты жеңілдетуге арналған BUY from Kazakhstan цифрлық платформасы іске қосылды. Портал арқылы шетелдік сатып алушылар қазақстандық өндірушілерді тікелей тауып, олармен байланыс орната алады.

Форум аясында Рамеш Худоиев Тәжікстан Республикасының Таулы-Бадахшан автономиялық облысының төрағасы Шарифхон Сафарзодамен кездесті. Қос тарап өзара ынтымақтастықты дамыту және Агенттік қолдауымен азық-түлік өнімдерін жеткізу мүмкіндіктерін талқылады.

ЭКА Тәжікстан нарығында қазақстандық экспорттаушыларды қолдау жұмысын жүйелі түрде жалғастырып келеді. 2026 жылдың қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша осы бағыттағы қабылданған міндеттемелер көлемі 16,8 млрд теңгеден асты. Биыл Тәжікстанға Қазақстаннан ұн, терең өңделген металл өнімдері, кондитерлік өнімдер, сондай-ақ тазартылмаған өсімдік майлары мен тоңмайлар экспортталып жатыр.

consultation Кеңес ал!