ЭКА-да жаңа Конституцияның ережелерін түсіндіруге арналған семинар өтті
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-да («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) қызметкерлерге арналған оқыту семинары ұйымдастырылды. Іс-шара 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған еліміздің жаңа Конституциясының негізгі ережелерін түсіндіруге арналды.
Семинардың басты мақсаты – компания қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ конституциялық өзгерістердің мәнін және оларды күнделікті кәсіби қызметте іс жүзінде қолданудың маңызын бірізді түсіндіру.
Іс-шараның спикері ретінде заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов сөз сөйледі. Өз баяндамасында ол Конституциядағы негізгі жаңашылдықтарға, олардың еліміздің құқықтық жүйесін дамытудағы маңызына, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік институттардың оларды тиімді іске асырудағы рөліне жан-жақты тоқталды.
«Осындай семинарларды өткізу – ұжымның құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жүйелі жұмысымыздың бір бөлігі. Елдің негізгі заңын терең түсіну біздің қызметіміздің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге тікелей ықпал етеді», – деп атап өтті Агенттікте.
Конституциялық реформаларды түсіндіруге арналған осындай ақпараттық іс-шаралар қазіргі уақытта «Бәйтерек» холдингінің барлық еншілес ұйымдарында өткізілуде.
