Қазақстан KazanForum да Ресейге және ислам әлемі елдеріне экспортты қаржылай қолдауды күшейтуде
2026 жылғы 12–15 мамыр аралығында Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің (ЭКА) өкілдері Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің жетекшілігімен құрылған бірыңғай ұлттық делегация құрамында «Ресей – Ислам әлемі: KazanForum» XVII халықаралық экономикалық форумының жұмысына белсенді қатысты.
Қазақстан ЭКА-сының форумға қатысуы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және сақтандыру мен саудалық қаржыландыру құралдары арқылы Қазақстанның шикізаттық емес экспортын ілгерілетуге бағытталды.
Форумның іскерлік бағдарламасы аясында Қазақстан ЭКА-сының өңірлік директоры Ренат Калиев Татарстан, Чувашия және Мордовия өңірлерінің ресейлік импорттаушыларымен және қаржы институттарымен бірқатар кездесулер өткізді. Кездесулер барысында қазақстандық өнімнің Ресей нарығына экспорттық жеткізілімдерінің тұрақтылығы мен ашықтығын арттыруға бағытталған төлемді кейінге қалдыруды сақтандыру және саудалық қаржыландыру құралдары талқыланды.
AAOIFI ұйымының исламдық қаржы және сукук мәселелеріне арналған сессиясында сөз сөйлеген Қазақстан ЭКА-сының өкілі Saudi EXIM, DHAMAN және TurkExim ұйымдарымен серіктестікті дамыту туралы баяндады. Спикер қысқа мерзімді дебиторлық берешекті сақтандыру (ҚМДБС) экономикалық тұрғыдан шариғат қағидаттарына қайшы келмейтінін атап өтіп, болашақта бұл құралдарды AAOIFI стандарттарына бейімдеуге болатынын айтты.
Ресей өңірлерінің импорттаушыларымен және Мысыр делегациясының өкілдерімен өткен кездесулер барысында Halal индустриясына, Halal стандарттарын өзара тану мәселелеріне, сондай-ақ қазақстандық халал өнімдерінің экспортын қаржылық және сақтандыру тұрғысынан қолдауға ерекше назар аударылды.
Ресей Федерациясы Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі болып қала береді: 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара тауар айналымы 27,4 миллиард АҚШ долларына жетті. Сауда көлемінің өсуі аясында агенттіктің басымдығы бір реттік келісімшарттарды қолдаудан қазақстандық кәсіпорындарды тұрақты өндірістік және логистикалық тізбектерге интеграциялауға ауысуда.
KazanForum алаңында өткен кездесулердің қорытындысы бойынша Қазақстан ЭКА-сының өңірлік директоры тамақ өнеркәсібі, металлургия және машина жасау салаларындағы жобалар пулын қосымша кеңейтті. Ресейлік серіктестермен және импорттаушылармен қол жеткізілген келісімдер Қазақстанның шикізаттық емес экспортының позициясын нығайтып, ислам әлемі елдерінің нарықтарына шығу үшін жаңа көлік және сауда дәліздерінің әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
