Қазақстан-Моңғол бизнес-форумы: ЭКА Моңғолия нарығына экспорт мүмкіндіктерін кеңейтуде
Астанада «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің және Моңғолия Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Экономика және даму министрі Жадамбын Энхбаярдың қатысуымен Қазақстан-Моңғол бизнес-форумы өтті. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, даму институттарының және іскерлік топтарының өкілдері қатысты.
Форум сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту және Қазақстан мен Моңғолия бизнес қауымдастықтары арасында тікелей байланыстар орнату үшін маңызды алаңға айналды. Бағдарлама аясында панельдік сессиялар, құжаттарға қол қою рәсімі және «speed dating» форматындағы B2B кездесулер өтті.
Форум екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты практикалық тұрғыда дамытуға бағытталды. Осы тұрғыда «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) үшін негізгі нәтижелердің бірі Mon-Kaz Trade & Investment Hub LLC компаниясымен экспорттық жобаларды қолдаудың тұрақты тетіктерін қалыптастыруға және қазақстандық өндірушілердің Моңғолия нарығындағы қатысуын кеңейтуге бағытталған Келісімге қол қою болды.
Серіктестік аясында мыналар көзделген:
- қазақстандық өндірушілердің өнімдері мен қызметтерін Моңғолия нарығында ілгерілету;
- экспорттық жобалар мен мәмілелерді бірлесіп пысықтау, құрылымдау және сүйемелдеу;
- ЭКА қолдау құралдарын қолдану;
- әлеуетті серіктестер мен сатып алушыларды іздеу, сондай-ақ пилоттық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастыру;
- талдамалық және маркетингтік ақпарат алмасу, сондай-ақ іскерлік миссиялар мен салалық іс-шараларды үйлестіру.
Ынтымақтастықтың басым бағыты ЭКА құралдарын қолдана отырып, өңдеуші өнеркәсіптің шикізаттық емес экспортын дамыту болмақ.
Келісімге қол қою ЭКА-ның халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және шикізаттық емес экспортты қолдаудың тұрақты инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған кешенді әрі институционалдық тұрғыдан пысықталған тәсілін көрсетеді. Қол жеткізілген уағдаластықтарды практикалық іске асыру қазақстандық компаниялардың Моңғолия нарығындағы қатысуын кеңейтіп қана қоймай, сақтандыру, кепілдендіру және коммерциялық әрі саяси тәуекелдерді төмендетуге бағытталған саудалық қаржыландыру тетіктерін қоса алғанда, заманауи қаржы құралдарын қолдану арқылы сыртқы сауда операцияларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ шикізаттық емес экспортты қолдаудың ұлттық институты ретіндегі рөлін нығайтуды жалғастырып, серіктестерді айқындаудан және мәмілелерді құрылымдаудан бастап оларды қаржылық іске асыру мен тұрақты жеткізілімдерге дейін жобаларды толық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
Анықтама үшін:
Mon-Kaz Trade & Investment Hub LLC – Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу үшін құрылған мамандандырылған компания (сауда-инвестициялық хаб).
