ЭКА ProForum Central Asia халықаралық конференциясына қатысты | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

ЭКА ProForum Central Asia халықаралық конференциясына қатысты

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) ProForum Central Asia 2026 халықаралық конференциясына қатысты. Іс-шара құрылыс саласын дамыту, инвестициялық тартымдылықты арттыру және өңірдің орнықты дамуын қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.

Форумға Орталық Азияның құрылыс, лак-бояу және әрлеу индустриясының жетекші өкілдері қатысты. Іс-шараны ЭКА-ның көпжылдық серіктесі болып табылатын «Alina» компаниялар тобы ұйымдастырды.

Іскерлік бағдарлама аясында ЭКА-ның Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры Алмас Қалқаев отандық экспорттаушыларды, соның ішінде құрылыс және әрлеу материалдарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады.

Спикер ЭКА басымдығы жоғары қосылған құны бар өнім өндіретін кәсіпорындарды қолдау екенін атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Агенттік тарапынан құрылыс саласына көрсетілген сақтандыру қолдауының көлемі 3,8 млрд теңгені құрады. Қазақстандық өнім Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және басқа да елдердің нарықтарына экспортталды.

Сөз барысында ең сұранысқа ие қаржылық құралдарға ерекше назар аударылды.

«Құрылыс саласы жыл сайын қарқынды өсім көрсетіп келеді. Қазақстандық тауарларға деген жоғары сұраныс олардың бәсекеге қабілеттілігі мен өтімділігін дәлелдейді. Алайда әрбір экспорттық келісімшарт белгілі бір тәуекелдермен байланысты. Осыған орай, ЭКА өндірушілерге төлемді кейінге қалдыру шарттарымен тауар жөнелтуге мүмкіндік беретін қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, біз экспорт алдындағы қаржыландыру тетіктерін белсенді түрде кеңейтіп келеміз, бұл кәсіпорындарға өндіріс көлемін ұлғайтып, экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Алмас Қалқаев.

Жеке блок ретінде Агенттіктің цифрлық экожүйесі таныстырылды. Бүгінде штаттық режимде «Экспорттаушының жеке кабинеті» жұмыс істейді, ол нақты уақыт режимінде және қысқа мерзімде қажетті қызметтерді рәсімдеуге мүмкіндік береді. Платформа Bgov жүйесімен интеграцияланған, бұл «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобы қызметтерін «бір терезе» қағидаты бойынша алуды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, биыл «Экспорттаушылар витринасы» іске қосылды — бұл «Made in Kazakhstan» өнімдерін жаһандық нарықтарда ілгерілетуге бағытталған цифрлық ресурс. Платформа шетелдік сатып алушыларға арналған егжей-тегжейлі каталог болып табылады. Ассортимент негізгі бағыттар бойынша құрылымдалған: жеңіл, тамақ және химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, металлургия, машина жасау және құрылыс индустриясы.

Айта кету керек, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Үкімет деңгейінде және елдің стратегиялық құжаттарында айқындалған экономиканы әртараптандыру басымдықтары шеңберінде шикізаттық емес экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырады. ЭКА қолдауы өңдеуші өнеркәсіптің барлық секторлары үшін қолжетімді. Қазіргі уақытта Агенттік отандық өндірушілердің қажеттіліктері мен сыртқы нарықтардың талаптарына бейімделген 20-дан астам қаржылық-сақтандыру құралдарын ұсынады.

consultation Кеңес ал!