Алматыда өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейту тәсілдері пысықталды
Қазақстан шикізаттық емес экспортты ұлғайту және отандық өндірушілердің сыртқы нарықтардағы позициясын нығайту жөніндегі стратегиялық бағытты жүзеге асыруда. Осы бағыт аясында 2030 жылға қарай Алматы қаласы мен Алматы облысының дайын өнім экспорты көлемін 1,5 млрд АҚШ долларына арттыру жоспарлануда.
Өңір экономикасын құрылымдық трансформациялау мәселелері ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-ның Алматы қаласындағы өкілдігі директоры Алмас Қалқаевтың, жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор және бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбына айналды.
Бүгінде Алматы агломерациясы елдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 35%-дан астамын шоғырландырып, Қазақстанның ең ірі қаржы, кәсіпкерлік және логистикалық орталығы ретінде қалыптасқан. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Экспорттық-кредиттік агенттік Алматы қаласы мен Алматы облысы кәсіпорындарына 60 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетті.
Өсімнің негізгі драйверіне айналған — дайын өнім экспорты. Бұл шикізаттық модельден индустриялық-аграрлық экономикалық құрылымға кезең-кезеңімен көшу үрдісін және агломерацияның бірыңғай экономикалық экожүйесінің қалыптасуын көрсетеді. Қытайға, Орталық Азия елдеріне, Еуропаға және ТМД мемлекеттеріне жеткізілімдердің тұрақты кеңеюі өңір өнімдеріне деген жоғары сұранысты дәлелдейді және қазақстандық брендтерді халықаралық нарықтарда ауқымдауға мүмкіндік береді.
Ең қарқынды дамып келе жатқан салалар — тамақ өнеркәсібі, химия саласы және машина жасау. Сонымен қатар фармацевтикада, құрылыс материалдарын өндіруде және IT-секторда айтарлықтай әлеует сақталып отыр. Аталған бағыттарда терең өңдеуді және өндірістік кооперацияны дамыту өңір экономикасына, халықты жұмыспен қамтуға және салық базасын кеңейтуге мультипликативтік әсер береді.
Стратегиялық мақсат ретінде Алматы қаласы мен Алматы облысын Орталық Азиядағы жетекші шикізаттық емес экспорттық хабқа айналдыру белгіленген. Осы мақсатқа жету үшін жекелеген кәсіпорындарды нүктелік қолдаудан тұрақты экспорттық кластерлер қалыптастыруға көшу, сауда миссияларын және цифрлық B2B-платформаларды кеңейту, қызметтер экспортын ілгерілету бағдарламаларын іске қосу, сондай-ақ сертификаттау зертханалары мен e-commerce-хабтарды қамтитын заманауи экспортқа дейінгі инфрақұрылым құру жоспарлануда.
Жаңа экспорттық модельді іске асыруда бизнесті қаржылық қолдау құралдары маңызды рөл атқарады. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Алматы қаласында экспорттық қаржы пулын құру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл шағын және орта бизнес субъектілеріне жеңілдетілген несиелеуге, сақтандыруға және логистикалық субсидияларға қолжетімділік береді. Нәтижесінде компаниялар бір реттік жеткізілімдерден тұрақты ұзақ мерзімді экспорттық келісімшарттарға көшуге мүмкіндік алады.
Дөңгелек үстел барысында «ЭКА» АҚ-ның Алматы қаласындағы филиалының директоры Алмас Қалқаев агенттік қызметінің цифрлық трансформациясына ерекше тоқталды. Қазіргі таңда компанияның барлық операциялық процестері цифрлық форматқа көшірілген, бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, экспорттаушыларға өтінім мәртебесін нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ «Қазақстан экспорттаушыларының витринасы» платформасының іске қосылуына ерекше назар аударылды. Бұл цифрлық маркетплейс отандық өнімдер туралы ақпаратты біріктіріп, шетелдік серіктестерге өндірушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. ЭКА-ның цифрлық сервистері мен аналитикалық құралдарын интеграциялау бизнес-процедураларды едәуір жеңілдетіп, елдің шикізаттық емес экспорт көлемін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.
Жалпы алғанда, іске асырылып жатқан шаралар стратегиялық межеге қол жеткізуге бағытталған. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің деректеріне сәйкес, 2030 жылға қарай Алматы қаласы мен Алматы облысының экспорты 1,5 млрд АҚШ долларына ұлғайып, өңдеуге, технологиялық дамуға және қазақстандық өнімнің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне негізделген тұрақты экономикалық өсудің жаңа моделі қалыптастырылады.
