ЭКА Ақмола облысының экспорттаушыларын қолдауды күшейтеді.
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) Ақмола облысының экспортқа бағдарланған кәсіпорындарының өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Іс-шара Өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» алаңында ұйымдастырылып, оған агроөнеркәсіптік кешеннің, химия, тамақ және жеңіл өнеркәсіптің, сондай-ақ құрылыс және металлургия салаларының жетекші кәсіпорын басшылары қатысты.
Кездесу барысында отандық тауар өндірушілердің сыртқы нарықтардағы позициясын нығайтуға бағытталған шикізаттық емес экспортты ынталандыру тетіктері қарастырылды. Қазіргі жаһандық құбылмалылық жағдайында трансшекаралық операцияларды жүзеге асыру кезінде коммерциялық және саяси тәуекелдерді азайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
ЭКА-ның өңірлік менеджері Аллаберген Мырзаш қатысушыларға бүгінде үш стратегиялық бағытқа негізделген кешенді сақтандыру қорғанысы жүйесін таныстырды:
- Сақтандыру: экспорттаушылар мен қаржы институттарын сыртқы сауда келісімшарттары бойынша төлем жасамау тәуекелінен қорғау.
- Қаржыландыру: өндірісті кеңейту және технологиялық жаңғырту жүргізу үшін айналым капиталға қолжетімділікті қамтамасыз ету.
- Кепілдендіру: экспорттық жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыратын құралдарды ұсыну.
«Ең сұранысқа ие құралдардың бірі — экспорттық кредиттерді сақтандыру. Бұл отандық компанияларға төлемді кейінге қалдыру шарттарымен өнім жеткізуге мүмкіндік береді, сонымен қатар қаржылық тұрақтылық пен әлемдік нарықтардағы бәсекеге қабілеттілікті сақтауға жағдай жасайды», — деп атап өтілді таныстырылым барысында.
Жедел деректерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысының кәсіпорындары ЭКА-ның қолдауымен жалпы сомасы 7,4 млрд теңгені құрайтын экспорт көлемін қамтамасыз етті. Агенттік қолдаған өңірлік жеткізілімдер құрылымында қосылған құны жоғары өнімдер басым: жылуоқшаулағыш материалдар мен полимерлік қаптама, өсімдік майлары мен тамақ өнеркәсібі өнімдері, металлургия және химия секторларының бұйымдары.
Қаржылық құралдардан бөлек, Агенттік сервистік қолдау көрсетуді жалғастыруда. Ол шетелдік контрагенттердің сенімділігін тегін тексеруді және өткізу нарықтарын әртараптандыру аясында әлеуетті серіктестермен тікелей іскерлік байланыстар орнатуға жәрдемдесуді қамтиды.
