Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі мен ADGM қайта сақтандыру қауымдастығы отандық агробизнес экспортын қолдау үшін ынтымақтастықты нығайтпақ
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің басшылығы мен Абу-Даби Халықаралық қаржы орталығының (ADGM) Қайта сақтандыру қауымдастығы жетекшілері – Усама Каисси мен Афродити Боураның ресми кездесуі өтті. Жиында Қазақстан өнімдерін Таяу Шығыс және Африка елдеріне экспорттау үшін стратегиялық механизм қалыптастыру мәселелері талқыға түсті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан агробизнесінің өнімдерін сыртқы нарықтарға жеткізу мүмкіндіктерін егжей-тегжей талқылады. Арнайы назар аударылған мәселе – ЭКА мен ADGM қауымдастығы мүшелері арасындағы сақтандыру тәуекелдерін бөлу. Мұндай әріптестік отандық өндірушілерге экспорттық келісімшарттарды жүзеге асыру кезінде жоғары құбылмалы аймақтарда сенімді қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
30 жылдан астам сақтандыру және қаржы саласындағы тәжірибесі бар Усама Каисси Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі Ислам корпорациясы (ICIEC) басшысы болып 10 жыл жұмыс істеген. Оның Сауд Арабиясы мен ислам әлемі нарықтары туралы терең білімі Қазақстанға қайта сақтандырудың инновациялық құралдарын енгізу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Кездесу нәтижесінде тараптар ұзақмерзімді әріптестікті дамыту ниетін білдірді, бұл тек сауда айналымын ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның MENA макроаймағындағы негізгі азық-түлік өнімдері жеткізушісі ретіндегі рөлін нығайтуға ықпал ететін болады.
