Қостанай облысының кәсіпкерлеріне ЭКА-ның жаңа өнімі таныстырылды | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Қостанай облысының кәсіпкерлеріне ЭКА-ның жаңа өнімі таныстырылды

Қостанай облысына жұмыс сапары аясында «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Сақтандыру және кепілдік беру департаментінің өңірлік менеджері Темірхан Тишбаев өңір кәсіпкерлеріне арналған мемлекеттік қолдау шаралары бойынша семинар өткізді.

Іс-шаралар Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Оған агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау, сондай-ақ жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларындағы кәсіпорын басшылары қатысты.

Семинар барысында Темірхан Тишбаев жергілікті бизнес өкілдерін «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» ұсынатын қолдау құралдарымен, соның ішінде экспорттық операцияларды кепілдендіру бойынша жаңа өніммен таныстырды. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге Агенттік әзірлеген «Экспорттаушының жеке кабинеті» онлайн-платформасы таныстырылды. Бұл платформа клиенттермен жұмысты барынша ыңғайлы ету үшін жасалған. Ол өтінім беруден бастап шартқа қол қоюға дейінгі барлық бизнес-процестерді толық цифрландырады. Мұндай тәсіл өтінімдерді қарау мерзімін қысқартып, өзара іс-қимылдың тиімділігін арттырып, кәсіпкерлердің уақытын үнемдейді.

Өз кезегінде кәсіпкерлер экспорттық жеткізілімдерді жүзеге асыру барысында туындайтын өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды.

Темірхан Тишбаев Қостанай облысы көптеген жылдар бойы ЭКА-ның сақтандыру және кепілдік беру портфелінде жетекші орын алып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өңірде экспортты дамыту әлеуеті зор, сол себепті Агенттік кәсіпкерлікті одан әрі қолдауды жалғастырып, компанияларға жаңа нарықтар мен мүмкіндіктерге жол ашатын болады.

Сапар соңында Темірхан Тишбаев жергілікті кәсіпорындардың қажеттіліктерін зерделеу және экспорттық жеткізілімдерді ұлғайту бағытындағы өсу нүктелерін анықтау мақсатында өндірістік нысандарды аралады.

Еске сала кетейік, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ қызметін шикізаттық емес тауарлар, жұмыстар мен қызметтер өндірісімен айналысатын кез келген қазақстандық кәсіпорын пайдалана алады. Кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін еліміздің әр өңірінде Агенттіктің өңірлік менеджері бекітілген. Олар сақтандыру қолдауына қатысты барлық сұрақтар бойынша кеңес бере алады.

chat Кеңес ал!