Қазақстан-Германия іскерлік кеңесі: бірлескен жобалар саны артпақ
Қазақстан-Германия іскерлік кеңесі: бірлескен жобалар саны артпақ
Бүгін «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ басшылығы Қазақстан–Германия іскерлік кеңесінің XVI отырысына қатысты. Іс-шараны «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ ұйымдастырды.
Кеңеске Қазақстан мен Германияның мемлекеттік органдарының өкілдері, салалық сарапшылар мен ірі бизнес мүшелері қатысты.
Кездесу барысында екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, өнеркәсіптік кооперация мен сауда-инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыру перспективалары күн тәртібіне қойылды.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшиннің айтуынша, Қазақстан мен Германия әріптестігі Орталық Азия мен Еуропа арасындағы экономикалық және саяси байланысты нығайту жолында ерекше мәнге ие.
«Германия – Қазақстанның Еуропалық одақ елдері арасындағы ең ірі сауда серіктесі. 2024 жылдың қорытындысына сүйенсек, Қазақстан Германияның негізгі сыртқы сауда серіктестерінің қатарында 43-орында тұр. Оған қоса, еліміз Германияның Орталық Азиядағы басты стратегиялық серіктесі екені анық. Германияның осы аймақтағы жалпы сыртқы саудасының 83 пайызы Қазақстан экономикасына тиесілі» – деп атап өтті Рустам Қарағойшин.
Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық энергетика, цифрлық трансформация және өнеркәсіптік өндіріс салаларын жаңғыртуға бағытталған. Бұл — инновациялық әрі экологиялық тұрақты шешімдерге негізделген стратегиялық серіктестік.
«Бәйтерек» холдингі екі ел арасындағы институционалдық көпір ретінде бірлескен жобаларды қаржыландыру, инвестиция тарту және кепілдік беру механизмдерін ұсынуға дайын. Осы арқылы Қазақстан мен Германия арасында ұзақмерзімді тиімді ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің басшысы Аллен Шәйжүнісов неміс әріптестеріне Қазақстанда экспортқа бағытталған жобаларды жүзеге асыру жолында Агенттік құралдары арқылы жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
«Біз халықаралық аренадағы серіктестерімізбен жүйелі жұмыс жүргізіп, жоғары технологиялық өнімдер экспортына басымдық беріп отырмыз. Германия – біз үшін негізгі нарықтардың бірі. Бүгінде біз Euler Hermes, KfW, Deutsche Bank, Helaba сынды неміс қаржы институттарымен берік серіктестік орнаттық. Бұл отандық өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтқанда, отандық өнеркәсіп дамуына қажет неміс озық технологияларын импорттау, сондай-ақ түбі экспортқа шығатын бірлескен кәсіпорындар құру жолы қолған алынбақ», – деді Аллен Шәйжүнісов.
Қазақстан Германияны елдің стратегиялық басымдықтарын жүзеге асыруда, ең алдымен, қосылған құны жоғары және технологиялық серіктестік мүмкін болатын секторлардағы негізгі серіктестердің бірі ретінде қарастырады. Бұл – өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, логистика, металлургия, химия өнеркәсібі және агроөнеркәсіптік кешен. Бүған дейін Linde, Heidelberg Materials, CLAAS, Horsch, WIKA және Zollman компанияларының қолдауымен күн электр станциясы, цемент және машина жасау зауыттары, геологиялық зерттеу зертханасы және басқа да өнеркәсіптік нысандардың құрылысы жүзеге асырылған еді.
Осы ретте ЭКА Германиядағы жетекші компаниялар басшылығымен бірқатар келіссөз өткізді. Оның нәтижесінде тараптар экспорттық жобалар көлемін ұлғайту, логистиканы оңтайландыру және сауда-экономикалық серіктестікті күшейту жөнінде келісті.
Германиямен және басқа да еуропалық мемлекеттермен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бұл бастамалар Қазақстанның Орталық Азиядағы сенімді және стратегиялық әріптес ретіндегі рөлін нығайта түсті.
Анықтама: Қазақстан-Германия іскерлік кеңесі екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға қолдау көрсетіп, Қазақстан мен Германия кәсіпкерлері арасындағы диалог пен ынтымақтастыққа арналған алаң ретінде қызмет атқарады. Кеңес 2010 жылдың шілде айында Германияның канцлері Ангела Меркельдің Қазақстанға ресми сапары аясында құрылған.