ЭКА Қырғызстанның мемлекеттік сақтандыру ұйымымен тәжірибе бөлісті
12 мамырда қырғызстандық «Мемлекеттік сақтандыру ұйымы» АҚҚ (МСҰ) делегациясы «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ бас кеңсесіне тәжірибе алмасу үшін келді.
Агенттік өз кезегінде МСҰ үшін түрлі саланы қамтыған екі күндік семинар ұйымдастырды.
Семинар бағдарламасы ЭКА ұсынатын сақтандыру, кепілдік беру, сауда ісіне қаржы тарту, андеррайтинг және қайта сақтандыру құралдарын қамтыды.
Одан бөлек, экспорттық келісімшарттар бойынша талдау жүргізу, сын-қатердің алдын алу, сақтандыру төлемдерін жүйеге келтіру және цифровизация мәселелері де талқыға түсті.
ЭКА бизнес-тренері Шарбану Байгошкарованың айтуынша, оқу бағдарламасы экспорттық операцияның кез келген кезеңінде қолдау көрсету мүмкіндігін көздейді.
«Біз Қырғызстаннан келген әріптестерімізге экспорттық-кредиттік агенттік мәртебесін алғаннан кейінгі компанияның жаңа жұмыс моделін көрсеттік. Іс-шара барысында Агенттік МСҰ қызығушылығын тудыртқан барлық кейс бойынша жан-жақты ақпарат беріп, талдау жасады. Оның нәтижесінде алдағы уақытта қос тарапқа тиімді әрі қолайлы жобалар көбейеді деп сенеміз», - деді ол.
Айта кетейік, МСҰ 2024 жылдың қазанында Қырғызстан Республикасы президентінің жарлығымен экспорттық келісімшарттарды сақтандырумен айналысатын мемлекеттік оператор болып бекітілді.
«Бүгінде біз экспортты дамыту бойынша жаңа қолдау құралдарын әзірлеп жатырмыз. Осы ретте ЭКА тәжірибесі біздің компания үшін өте құнды болмақ. Кейінгі жылдары Қазақстан мен Қырғызстан арасында сауда айналымы қатты өсіп жатқаны белгілі. Біздің мақсатымыз – қазақстандық әріптестерімізбен бірлесіп, ел экономикасындағы шикізат емес экспорт үлесін арттыру. Мүмкіндікті пайдаланып, ЭКА ұжымына алғыс айтым келеді. Екі күндік семинарда сақтандырудың жаңа тетіктерін, оның бар қыр-сырын бөлісті», - деп атап өтті МСҰ Сыртқы экономикалық қызмет секторының меңгерушісі Бермет Исаева.
Қырғызстандық делегация іс-шараның екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынасты дамыту үшін маңызды болғанын атап өтті. Кездесу соңында қос тарап ынтымақтастықты күшейтіп, қолдау жүйесін жетілдіру мәселелеріне басымдық берді.