Экспорттық-кредиттік агенттік қолдауына ие болған компаниялар қазақстандықтарға су тасқынына қарсы күресте қол ұшын созды | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Экспорттық-кредиттік агенттік қолдауына ие болған компаниялар қазақстандықтарға су тасқынына қарсы күресте қол ұшын созды

Машина жасаумен айналысатын Allur және Agromash кәсіпорындары бөгеттер салып, азаматтардың мүлкін қорғау үшін тәжірибелі жұмысшыларды көмекке жіберді. Сондай-ақ 11 автобус, 15 қотарғыш, 3 фронталды тиегішпен бірге зардап шеккен тұрғындарға жатақхана берді. Ал жануарларды арнайы жерлерге эвакуациялады. Өңірді түрлі ресурс, су және ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін барлығы 250 адам жұмылдырылды. Гуманитарлық көмектен бөлек, Allur және Qarmet компаниялары QazTehna зауытымен бірлесіп, «Демеу Қазақстан» қорына 500 миллион теңге аударды.

Су тасқынының алғашқы күндерінде ҚазАзот 119 азық-түлік пакетін, жылы киім-кешек пен бөгет тұрғызуға арналған 4000 қап жіберді.  Одан бөлек, Орал қаласына 2 вагон құрал-сайман, азық-түлік, жылы киім, баррикада жасауға арналған қап сынды гуманитарлық көмекті жөнелтті. Өңірге компания қызметкерлерінен 30 ерікті адам қажетті көмек көрсету үшін барды. ҚазАзот бөлген қаржының жалпы сомасы 46 миллион теңге болды.

Құрылыс қоспаларын шығаратын «Alina Group» бірнеше қалаға гуманитарлық көмек көрсетті. Компания Атырауға құм жеткізіп, құтқарушыларды қажетті материалдармен қамтамасыз етті. Оралдықтарға уақытша сақтау қоймалары жіберілді. Сондай-ақ Қостанай, Орал және Атырау қалаларындағы бөгеттерді нығайту үшін қаптар жеткізу жоспарланып отыр. Ақтөбе қаласына шатыр, азық-түлік, кереует, генератор және басқа да қажетті заттарды қамтитын ТЖ режиміне арналған қор жиынтығы жөнелтілетін болады.

Sergek Group Орал өзенінің сағасына қосымша бейнебақылау камераларын орнатты. Бүгінгі таңда Жылыой ауданында 841 камера жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 755 видеобақылау дәлме-дәл уақыт және жағдайды дер кезінде бағдарлау режиміне қосылған.

Ірі кондитерлік кәсіпорындар да су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр. «ЛОТТЕ Рахат» АҚ аймақтарға көмек ретінде құны 60 миллион теңгені құрайтын 50 тонна азық-түлік жөнелтсе, «Баян Сұлу» АҚ «Мейірімділік.kst» қорына 50 миллион теңге аударды. Одан бөлек, «Баян Сұлу» зардап шеккендерге компанияның тасымалдау көліктерін жіберді. Сондай-ақ кәсіпорын қызметкерлері еріктілер тобында көмек көрсетіп жатыр.

«Шин-Лайн» кәсіпорыны су тасқынанын зардап шеккендерге үлкен қолғабыс көрсетті. Фабрика Қазақстан Халықтары Ассамблеясы ұйымдастырған «Жүректен жүрекке» акциясы негізінде азық-түлік жіберіп, әлеуметтік көмек көрсетті. Сонымен қатар компания зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 20 миллион теңге аударды.