Қазақстан мен Қырғызстан бизнесі 300 миллион доллардың келісімшартына қол қойды | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Қазақстан мен Қырғызстан бизнесі 300 миллион доллардың келісімшартына қол қойды

     Астанада Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамытуға бағытталған бизнес-форум өтті. Іс-шара Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға ресми сапары аясында ұйымдастырылды.

     Форумда екі елдің іскер топ өкілдері, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары болды.

     Одан бөлек, машина жасау, өнеркәсіп, металлургия, құрылыс, логистика, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, инвестиция және қызмет көрсету салаларын қамтитын компаниялар қатысты.

     Іс-шара аясында екі елдің бизнес тобы жалпы сомасы 300 миллион доллар болатын коммерциялық құжаттарға қол қойды.

     Негізгі келісімдердің қатарында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қолдаған жобалар да бар:

  • Sergek Group: жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қалалық инфрақұрылымды басқару тиімділігін арттыру, сондай-ақ инновациялық технологияларды енгізу саласындағы жобаларды жүзеге асыру.
  • TGS-Energy Limited: Қырғызстан аумағында жалпы қуаты 250 МВт болатын күн электрстанцияларын салу жобасын жүзеге асыру.

     Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қол жеткізілген және әзірленіп жатқан келісімдер шеңберінде жан-жақты қолдау көрсетіп, жеңілдікпен қаржыландыруға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ ЭКА қос тарапқа төлемнің неғұрлым ыңғайлы және қауіпсіз шарттарын ұсынды.

     Айта кетейік, 2023 жылы Эспорттық-кредиттік агенттіктің қолдауына ие болған 20 компания Қырғызстанмен жалпы сомасы 272,8 миллиард теңгеге келісімшарт жасасқан еді. Оның нәтижесінде кондитер өнімдері, шырындар, сусындар, ұн, май, күнжара, оралған өнімдер мен аккумуляторлар шетелге экспортталды.