KazakhExport БҰҰ Жаһандық шартының бизнес-акселератор бағдарламасы бойынша жеңімпаз атанды | Компания жаңалықтары | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Компания жаңалықтары

KazakhExport БҰҰ Жаһандық шартының бизнес-акселератор бағдарламасы бойынша жеңімпаз атанды

БҰҰ-ның Алматыдағы бас кеңсесінде БҰҰ-ның SDG Ambition жаһандық шартының бизнес-акселератор бағдарламасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

SDG Ambition бизнес-акселераторы – 17 Тұрақты даму мақсатын бизнестің стратегиялық және операциялық аспектілеріне біріктіруді көздейтін БҰҰ сарапшылары мен серіктестері әзірлеген алты айлық білім беру бастамасы. 2023 жылдың қазанынан 2024 жылдың наурызына дейін Орталық Азия елдері үшін арнайы тренинг ұйымдастырылып, оған Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан 40 компания өкілдері қатысты. Олардың қатарында KazakhExport өкілдері де бар.  

«Бизнес және адам құқықтары» және «Климат мәселелері» акселераторларының іске қосылуы жергілікті бизнес-қоғамдастықтың қызығушылығын артып отырғанын байқап отырмыз. Бұл – халықаралық күн тәртібіне сәйкес көрсеткіш. Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында бизнес негізгі роль атқарады», - деп атап өтті БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори.

БҰҰ қайырымдылыққа негізделген серіктестіктен іскерлік қарым-қатынасты құруға көшті. Акселератор бағдарламасы өсімді ынталандыру, жұмыс орындарын құру және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін инновацияларды ілгерілетудің тиімді құралы екенін дәлелдеді. Сонымен қатар ол климаттың өзгеруіне қарсы күресте пайдасын тигізіп жатыр. Бүгінде Қазақстанның 62 компаниясы БҰҰ Жаһандық шартына мүше.

«KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Аян Бектібаеваның айтуынша, акселераторға қатысу және ТДМ-ды KazakhExport қызметіне енгізу компанияға тиімді шешім қабылдауға, стратегиялық мақсатты дұрыс анықтауға көмектеседі: «Біз ТДМ-де көрсетілген экологиялық және әлеуметтік проблемалар кез келген жұмыс саласына тікелей әсер ететінін жақсы түсінеміз. Компанияның БҰҰ жаһандық шартына қосылуы және қызметкерлердің SDG Ambition акселераторын бойына сіңіруі тұрақты даму саласындағы үздік тәжірибелер мен бизнес жүргізу стандарттарын дамытуға ықпал етеді».

Еске салайық, KazakhExport 2017 жылдан бастап корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік және ESG саласындағы әлемдегі ең ірі көшбасшы UN Global Compact ұйымының толыққанды мүшесі.