Қостанай кәсіпкерлері «Экспортер – 2020» бағдарламасын жетілдіруді ұсынады | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Қостанай кәсіпкерлері «Экспортер – 2020» бағдарламасын жетілдіруді ұсынады

Қостанайлық бизнесмендер «Экспортер-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау тетіктерін жетілдіруді ұсынды. Мұндай ұсыныстар «ҚазЭспортГарант» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ-мен презентациялық кездесу аясында аймақтың кәсіпкерлер палатасында айтылды, деп хабарлайды BNews.kz.

«Экспорт операцияларын іске асыру кезінде тәуекелдерді барынша төмендетудің пәрменді тетіктерінің бірі жеткізушінің тауар несиесін сақтандыру болып табылады. Келісімшарт міндеттерін орындау шетелдік контрагентке қатысты болмаған жағдайда бұл шығынға ұшырамауға мүмкіндік береді. Бұл жаңа нарықтарға «қауіпсіз кіру» стратегиясының тиімді құралы», – деп атап өтті Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Дмитрий Мачель.

Алайда қолданыстағы ережелерге сәйкес, тауар ЖШС-ға емес, жеке кәсіпкерлерге бағытталса, онда оларда сақтандыру мүмкіндігі болмайды. Сонымен бірге ЖК қаржы айналымы көлемі жағынан орта бизнес өкілдерінің көрсеткішіне жетіп қалуы мүмкін. 

«Егер сақтандыру төлемі туралы айтар болсақ, оны айтарлықтай ұзақ күтуге тура келеді – 4 айға дейін. Ал бұл айналымнан ақша шығару. Бағдарлама операторының өзі Алматыда ғана бар, басқа өңірлерде жоқ. Мүмкін бағдарламаға қатысуға құжаттарды электронды түрде тапсыру үшін интернет-сервис құру қажет шығар. Бұл ыңғайлы болар еді», – деген ұсыныс тастады «Баян Сұлу» АҚ өкілі Евгений Конрат.

Бизнесмендер Ресей Федерациясы резиденттерімен жасалған келісім бойынша қосымша құн салығын қайтаруды, сонымен қатар, қаржы дағдарысына алып келетін шетел валютасының ауытқуын сақтандыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Кездесуді ұйымдастырушылар әрбір ұсынысты тексеріп, қарайтынын жеткізді.

«ҚазЭспортГарант» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингісі құрамына кіреді және «KAZNEX INVEST» АҚ-мен бірге «Экспортер – 2020» мемлекеттік бағдарламасы операторларының бірі болып табылады.