«ULTTYQ ÓNIM»: отандық өндірісті қолдау және дамыту | Компания жаңалықтары | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Компания жаңалықтары

«ULTTYQ ÓNIM»: отандық өндірісті қолдау және дамыту

5-7 мамыр аралығында Алматы қаласында «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығында отандық өндірушілердің жыл сайынғы жетінші «ULTTYQ ÓNIM» көрмесі өтуде, оны ұйымдастырушысы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ. Көрмеде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 320-ға жуық микро, шағын және орта бизнес өкілдері өздерінің отандық тауарлары мен қызметтерін ұсынуда. 

Ауқымды көрменің ашылуына «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев қатысты. Холдинг басшысы көрме отандық өндірушілердің өнімдерін таныстыратын бірегей алаңға айналғанын атап өтті.

«Көрмеге қатысушылар жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, өз өнімдерін сыртқы нарықтарда сатуда. Бұл Қазақстан экономикасын одан әрі дамытатын үлкен мүмкіндік бар екенін айғақтап отыр. Қазіргі уақытта еліміздің кез келген азаматы өз ісін бастай алады және ол үшін барлық жағдай жасалған. Мемлекеттік қолдау шаралары әрбір қазақстандыққа қолжетімді. Отандық өнімді қолдап, еліміздің дамуына бірге үлес қосайық!» - деді Қ. Шарлапаев.

Тауарларын көрмеге қойған кәсіпкерлер жаңа тапсырыс берушілерді табу, бұрынғы қарым-қатынасты нығайту және іскерлік серіктестер табу мүмкіндігіне ие болады. Көрмеге қатысу арқылы көптеген кәсіпорындар өз өнімдерін немесе қызметтерін таныстырып, көпшілікке таныла алады. Сондай-ақ бұл іс-шара бір саладағы мүдделес адамдардың байланыс орнатып, жаңа таныстар табуына, тың идеялардың туындауына ықпал етеді. Сонымен қатар көрмеге қатысу арқылы бизнесті дамытып қана қоймай, тұтынушылар мен олардың сұраныстары туралы көбірек білуге, өнім туралы жедел кері байланыс алуға, ең бастысы, ұқсас өнімді өндірушілермен жақынырақ танысуға мүмкіндік туады.

Көрме 7 мамырға дейін жалғасады. Осы күндері кәсіпкерлер үшін маркетинг, адами ресурстар, үнемді өндіріс салаларындағы қазақстандық сарапшылармен шеберлік сабақтары мен тренингтер, іскерлік келіссөздер ұйымдастырылатын болады.