Сарапшылар Африкаға қазақстандық өнімнің экспортын ұлғайту мүмкіндіктерін талқылады | Компания жаңалықтары | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Компания жаңалықтары

Сарапшылар Африкаға қазақстандық өнімнің экспортын ұлғайту мүмкіндіктерін талқылады

Аддис-Абеба, 2022 жылғы 8 қараша – Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшілігі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы, «KazakhExport Export Insurance Company» АҚ мамандандырылған сақтандыру ұйымы және Аддис-Абеба сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп, «Қазақстан мен Эфиопия арасындағы сауда мен инвестицияларға жәрдемдесу» тақырыбында семинар өткізді.

Гибридтік форматта өткізілген іс-шараға Эфиопия және басқа да африкалық елдер нарығына қазақстандық тауарларды жеткізуге, сондай-ақ екі жақты сауданы дамытуға, эфиопиялық кофе, жеміс-жидектер, дәмдеуіштер, өсімдіктер, гүлдер және т.б. экспорттауға мүдделі Аддис-Абебаның іскери топтарының өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Елшісі Барлыбай Садықов сөйлеген сөзінде семинарға қатысушыларды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық, әділеттілік, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, әділ және тең құқықты бәсекелестік пен ресурстарды тиімді бөлу қағидаттарына негізделген жаңа, әділ және инклюзивті Қазақстанды құру тұрғысынан жүзеге асырған экономикалық реформаларының барысымен таныстырды.

Аддис-Абеба Сауда-өнеркәсіп палатасы бас хатшысының орынбасары Зекариас Ассефа Эфиопия мен Қазақстан арасындағы өзара тауар айналымын арттырудың зор әлеуетін атап өтті.

«120 миллионнан астам халқы бар Эфиопия Шығыс Африка елдері арасындағы ең ірі нарық және Шығыс Африка қоғамдастығының нарығына ыңғайлы қолжетімділікпен Африка құрлығы бойынша авиациялық транзиттік хабы болып табылады. Біз Қазақстанмен тауар айналымының өсуін күтудеміз», - деп атап өтті Аддис-Абеба СӨП өкілі.

Сонымен қатар, З.Ассефа Қазақстан мен Эфиопияның мүдделі бизнесмендері арасында тікелей кездесулер ұйымдастыруды ұсынды.

«Бастапқы кезеңде екі елдің сауда-өнеркәсіп палаталары арасында, оның ішінде жоспарланған ірі халықаралық іс-шаралар, көрмелер мен жәрмеңкелер туралы ақпарат алмасудың тұрақты арнасын тезірек құру маңызды. Сондай-ақ, Эфиопияға қазақстандық сауда миссиясын ұйымдастыруды ұсынамыз, оның барысында Қазақстан мен Эфиопия экспорттаушылары мен импорттаушылары арасында В2В кездесулері өткізілуі тиіс», - деді ол.

Семинарда Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы таныстырылымды «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Жобаларды дамыту департаментінің директоры Ғалым Нұрғазинов және «KazakhExport Export Insurance Company» АҚ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Армана Бекбасова жасады.

Қазақстандық қатысушылар ұсынған ақпарат эфиопиялық бизнесмендердің үлкен қызығушылығын тудырды, олар Қазақстанмен ынтымақтастықты дамыту, еліміздің бизнесмендерімен тікелей байланыс орнату, бірлескен кәсіпорындар құру жөнінде ұсыныстар енгізіп, Қазақстанмен бизнес жүргізуге қатысты практикалық сұрақтар қойды.

«Sendros» сауда компаниясының басқарушы директоры Тадессе Сисайдың айтуынша, бүгінде сауда мәселелеріндегі басты кедергі – логистика мәселесін шешу қажет.

«Бүгін біз Қазақстанның айтарлықтай сауда мүмкіндіктері бар екенін білдік. Сіздердің тауарларыңыз Эфиопия нарығында үлкен сұранысқа ие болуы мүмкін. Менің ойымша, басты міндет – өзара тауар жеткізу маршруттарының материалдық-техникалық базасын құру» - деді Т.Сисай.

 «Edcon» компаниясының бас менеджері Эрмиас Асфау Қазақстанмен ынтымақтастық жоспарлары туралы айтып берді.

«Біздің компания пластмасса мен басқа да мұнай-химия өнімдерін Сіздің елден әкелуге мүдделі. Бұл тауарлар Эфиопияда үлкен сұранысқа ие және біз Сіздердің елдеріңізден сенімді серіктестер табамыз деп үміттенеміз», - деді ол.

Жалпы, сарапшылар Қазақстан мен Эфиопия арасындағы өзара тауар айналымы өсуінің елеулі мүмкіндіктерін растады, сондай-ақ сауданы қолдау үшін тікелей байланыстың болмауы, техникалық стандарттардағы, рұқсаттардағы және ілеспе құжаттардағы айырмашылықтар туралы ақпараттың болмауы, тауарларды жеткізудің өзара тиімді логистикалық бағыттарын әзірлеу және ұсыну сияқты кедергілерді жою бойынша тығыз жұмыс жүргізу туралы шешім қабылдады.

Семинарға қатысушылар аталған бағыттар бойынша бірлескен жұмыстарға қызығушылық танытты. Осыған байланысты, тараптар кездесулер ұйымдастыруға және екi жақты сауданы ұлғайту үшiн серіктестер iздестіруде  қолғабыс көрсететін болады.

 


Анықтама: Африка нарығы африкалық нарықтың өсіп келе жатқан көлемін (сарапшылардың бағалауы бойынша, 2030 жылға қарай Африка халқының саны 2 млрд адамды құрайды) және біздің тауарларға деген сұраныстың жоғары болуын ескере отырып, қазақстандық тауарлар үшін өте қызықты.

Қазақстан мен Эфиопия арасындағы тауар айналымы 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте 280,6 мың АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9 есеге жоғары (95,7 мың АҚШ доллары). Тауар айналымының 100%-ға жуығы Қазақстанға эфиопиялық тауарлар импортына тиесілі, мысалы: кофе, өсімдіктер, гүлдер, көкөністер, киімдер мен тоқыма бұйымдары.

Сонымен қатар, Эфиопия жыл сайын Қазақстаннан жеткізілуі мүмкін тауарлар тобын үлкен көлемде импорттайды, мысалы:темірден немесе қорытпайтын болаттан жасалған құймалар, құрамында азот пен фосфор бар тыңайтқыштар, қорғасын аккумуляторлар, күнбағыс немесе шикі сафлор майы, құбырларға арналған арматура, пластиналар, тақтайша, қаңылтыр, пропилен полимерлері, жартылай немесе толығымен өңделген күріш, кебек, ет және т.б.

Жалпы, Қазақстан мен Эфиопия арасындағы тауар айналымының өсуі Қазақстанның барлық Африка елдерімен тауар айналымының өсуінің жалпы үрдісіне сәйкес келеді. 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте бұл көрсеткіш 849,2 млн.АҚШ долларын құрады және 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3 есеге (380 млн.АҚШ доллары) өсті. Оның үстіне, Қазақстанның Африка елдеріне тауар экспорты жылдам өсуде және Африкалық импорттан асып түседі. Осылайша, Қазақстанның Африкаға экспорты 624,6 млн.АҚШ долларын (1,8 есе өсті), импорт 224,6 млн. АҚШ долларын құрады (40%-ға өсті).

Ақпарат www.gov.kz порталынан алынды