Қытайға дайын өнім экспорты артты | Бейнегалерея | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Бейнегалерея

Қытайға дайын өнім экспорты артты

Қытаймен Еуропаны құрлық арқылы жалғау – жарты әлемнің саудасына араласу. Одан арыда төрт құрлықпен алыс-беріске қол созамыз. Бізге осындай мүмкіндік бұйырды. Ендігі мәселе – қолдағының қадірін білгенімізбен, оны өткізе алмасаң еңбегің еш. Жалпы сауылдаған мұнай, сирек металдарды әлемнің қай мемлекеті болса да алады. Алып та отыр. Енді шикізат емес, дайын өнімді неге сыртқа шығармаймыз деген сауал көп. Осы арада логистика көмекке келді.

Соның бір мысалы – қазақтың сары майы енді қытай дастарханына сән беруге тиіс. Жалпы көрші мемлекет біздің ұнды, сұйық майды, етті тіпті қымыз бен түйе сүтін де алады. Жаңағы айтқан логистиканың арқасында екі ел арасындағы тауар айналымы айтарлықтай өсті. Мәселен жарты жылдағы көрсеткіш 22 млрд долларға жуықтады. Енді біздің жақта, өнімін алып экономикасы бар елге ұсынуға ниетті компаниялар қатары артып жатыр.

Мерей Мұратханқызы, тілші: - Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы алыс-беріс 9% өсіп, 44 млрд долларға жуықтады. Көрсеткіш биыл да осал болмайды. Қазірдің өзінде тауар айналымы 22 млрд долларға жақындады. Көрші ел шикізатқа ғана емес, дайын өнімге де қызығады. Әсіресе, қазақтың балын сүйсіне жейді. Тәтті өнімнің дені Шығыс Қазақстаннан экспортталады. Аймақта 101 мың ара ұясы бар. Онымен 86 шаруашылық айналысады. Өнімге сұраныс болған соң мұнда жыл сайын өндіріс көлемі де артып келеді. Мемлекет те қолдау жасап, балдың әр келісіне төлеп отыр. Осының арқасында 10 кәсіпорын пайдалы балды ТМД және Қытай нарығына шығарып отыр. Былтыр бас-аяғы 50 тонна бал экспортталды.

Галина Астанина, цех жетекшісі: - Балды біз тексерілген омарташылардан ғана аламыз. Сосын оны Қытайға сараптамаға жібереміз. Сол жақтағы тексерістен сәтті өтсе, келісімшарт жасасамыз. Дайын өнімнің қаптамасын әзірлейміз. Құтының пластик немесе шыныдан болатынын анықтаймыз. Бал аса пайдалы әрі табиғи өнім ғой. Оны шетелдік тұтынушыларымыз жақсы бағалайды. Қытай тарапы отандық майлы дақылдарға да қызығады. Әрине, шикізат түрінде алуға құштар. Алайда, бұл тиімсіз. Сондықтан 2 жыл бұрын елде 20%-тік экспорттық баж енгізілген. Сөйтіп, дайын май өнімдерінің экспорты жанданды. Бұдан бөлек, қазақтың сары майы да Қытай нарығына жол тартпақ.

Анель Рзина, компания басшысы: - Жақында біз Қазақстанда өндірілетін сары май, өз брендімен шығара бастадық. Бүкіл Қазақстанның әрбір қалаларына жеткіземіз. Майдың сапасы өте жоғары. Табиғи. Жақында біздің командаға экспортқа шығуға мамандар қосылды. Енді өзіміз шет нарықтарға осындай насихат қойдық. Себебі Қазақстанның өнімі өте сапалы және де Қытай нарығында сұраныс өте көп болады. 5 жылда Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2 есе өседі. Қос елдің сауда министрлері таяуда осыған уағдаласты. Әсіресе, қазақстандық шикізаттық емес экспортты және қосылған құны жоғары өнімдерді ілгерілетуге басымдық беріледі. Арман Шаққалиев ҚХР-мен «инвестициялау және сату» қағидаты бойынша ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін айтты. Қазақстанның экспорттық кредиттік агенттігі де 2019 жылдан бері шикізаттық емес өнімдердің Қытай нарығына шығуына көмектесіп келеді.

Асхат Абай, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ департамент директорының орынбасары: - Қытаймен ынтымақтастық аясында зор сұранысқа ие құралдар – төлемді кейінге қалдыру шартымен қаржыландыру. Қытай инвесторларының Қазақстанда өндірісті жергіліктендіру процесіне жәрдемдесу, Қытай және Қазақстан тараптарының бірлескен кәсіпорын ашуына қолдау көрсету. Сонымен қоса, агенттік Қытайдың Синашуа атты экспорттық кредиттік агенттігімен және бірқатар Қытай банктерімен белсенді ынтымақтастық жүргізуде. Қазір Қазақстаннан шыққан ұн, ет, өсімдік, жаңағы айтқан бал, тіпті ұнтақ түрінде жеткізілген түйенің сүтіне дейін сатылып жатыр. Сатылып қана қоймайды, сұранысқа ие. Өйткені сапалы өнімдерді тұтынушылар жоғары бағалайды. Осы орайда екі елдің саудадағы ынтымақтастығы одан әрі еселеп дами түсетіні анық.  Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ақылбек Есімсейіт, Жандос Битабаров

Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/ekonomika/727361-kytajga-dajyn-onim-eksporty-artty
Қолданылған материалдарға міндетті түрде 24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс

consultation Кеңес ал!