Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі шикізаттық емес экспортты 300 млрд теңгеге дейін қолдайды
Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі, бұрынғы KazakhExport, ағымдағы жартыжылдықта шикізаттық емес экспортты қолдау көлемін 300 миллиард теңгеге дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл азық-түлік тауарлары, металлургия және ауыл шаруашылығы өнімдері. Шетелде отандық машина жасау бұйымдары, құрылыс материалдары, химия, шыны, парфюмерия-косметика және фармацевтика өнеркәсібінің өнімдері де жоғары сұранысқа ие, деп хабарлайды «24KZ» тілшісі.
Өткен жыл KazakhExport үшін үлкен өзгерістер мен жетістіктер жылы болды. Президенттің тапсырмасы бойынша сақтандыру компаниясы экспорттық-кредиттік агенттікке айналды. Осылайша, Орталық Азияда алғашқы толыққанды ЭКА пайда болды. Сақтандыру және кепілдендіру құралдары әлемдік стандарттарға сәйкес келеді. Осының арқасында компания қолдау құралдарының тізімін кеңейтті.
Мадина Ержанова, Экспорттық-кредиттік агенттік басқарма төрағасының орынбасары: «Біз экспорттаушыларға, банктерге және шетелдік сатып алушыларға сыртқы сауда операциялары кезінде төлемеу және жеткізбеу тәуекелдерінен сақтандыру қорғауын ұсынамыз. Экспорттаушыларға жаңа нарықтар табуға көмектесеміз. Біз кепілдендіру есебінен құралдар желісін кеңейтіп, экспорт алдындағы және сауданы қаржыландыруды дамыттық, сондай-ақ қайта сақтандыру көлемін 2,5 есеге арттырдық».
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ЭКА-ның пайдасы рекордтық көрсеткіштерге жетті – шамамен 9 миллиард теңге. Экспорттаушыларды қолдау көлемі 335 миллиард теңгеден асты. 96 отандық кәсіпкер қолдауға ие болды, олардың 15-і – жаңа клиенттер. Компания экспорттаушыларға «толық циклды» көмек көрсетеді: келісімшартты дайындаудан бастап міндеттемелерді орындауға дейін. Портфельге 20-дан астам өнім кіреді. Ең танымал үш өнім – экспорттық кредиттерді, қарыздарды және аккредитивтерді сақтандыру.
Мадина Ержанова, Экспорттық-кредиттік агенттік басқарма төрағасының орынбасары: «Өткен жылы біз кепілдендіру тетіктерімен бес жаңа өнімді енгіздік. Биылдың өзінде екі сәтті кейсті іске асырдық, бұл қазақстандық компанияларға Өзбекстандағы тендерлер аясында қызметтер мен өнімдерді экспорттауға мүмкіндік берді».
Клиенттер «Экспорттаушының жеке кабинеті» онлайн-платформасын пайдалана алады. Мұнда бизнес-процестер цифрлық форматта жүзеге асады. ЭКА цифрлық сервисті одан әрі дамытуды, жаңа өнімдерді енгізуді және ең бастысы, экспорттаушыларды қолдау көлемін арттыруды көздеп отыр.
