Отандық өнім Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің көмегімен нарықтарды жаулап алуда
Қазақстандық өнімдер шетелде барған сайын сұранысқа ие болып келеді. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында кәсіпорындар өндірістік қуаттарын кеңейтіп, жаңа нарықтарды игеріп, экспорттық әлеуетін арттыруда.
«Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасы – әлемнің көптеген елдеріне танымал кәсіпорын. Компания өндіріс көлемін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік беретін «Кондитерлік астана» атты ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Кәсіпорынның негізгі серіктестерінің бірі – «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ. Агенттік фабрикамен 11 жылдан бері табысты ынтымақтастық орнатып келеді.
Алексей Зюбанов, «Баян Сұлу» АҚ маркетинг бөлімінің басшысы:
– Біз өндіретін дайын өнімнің 44 пайызы экспортқа жөнелтіледі. Негізгі экспорттық нарықтарымыз – Ресей Федерациясы, Қытай, Моңғолия және Армения. Қазіргі уақытта Өзбекстан нарығының үлесі де қарқынды өсіп келеді.
Қарабалық ауданындағы «Терра» кәсіпорны асыл тұқымды бұқаларды өсірумен және жоғары сапалы ет өндірумен айналысады.
Марат Өтелбаев, «Терра» компаниялар тобының басқарушы директоры:
– Біз «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» ұсынатын қолдау құралдарын белсенді түрде пайдаланамыз. Әсіресе, Агенттік ұсынатын кепілдік беру тетігінің тиімділігін көріп отырмыз.
Қазіргі таңда Экспорттық-кредиттік агенттік өңірдегі 10 кәсіпорынмен ынтымақтастық орнатқан, тағы 5 бизнес-жоба қарастырылу үстінде. Ең көп сұранысқа ие құралдардың қатарында қарыздарды сақтандыру және экспорт алдындағы қаржыландыру бар.
Темірхан Тішбаев, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Сақтандыру және кепілдік беру департаментінің бас менеджері:
– Соңғы бес жыл ішінде Экспорттық-кредиттік агенттік Қостанай облысының экспорттаушыларына 128 миллиард теңгеден астам сомаға қолдау көрсетті. Олардың қатарында агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау, тамақ өнеркәсібі және металлургия салаларындағы кәсіпорындар бар.
Жыл басынан бергі толық алты айға жетпейтін кезеңде экспорттаушыларға көрсетілген қолдау көлемі 367 миллиард теңгеден асты. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі ұсынатын 20-дан астам қаржылық және сақтандыру құралдары отандық өндірушілерге жаңа нарықтарды игеруге және жеткізу географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
