Қостанайлық тауарлар шетел нарығын бағындырды | БАҚ біз туралы | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

БАҚ біз туралы

Қостанайлық тауарлар шетел нарығын бағындырды

Қостанай облысының ірі кәсіпорындары ТМД аумағында аса танымалдыққа ие. Жергілікті өнімдер біртіндеп Қытай нарығына шыға бастады. Шетел нарығын бағындырып отырған қостанайлық кәсіпорындарды білесіз бе?
«Баян сұлу» фабрикасы жалпы өнімінің 44 % -ін экспортқа шығарады. Ел экономикасын алға сүйреп келе жатқан қостанайлық өндіріс орындарына өткен аптада арнайы барып, жұмысымен таныстық. Осы мақсатта «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы – «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ журналистерге арналған баспасөз турын ұйымдастырған болатын.

Сапар аясында экспортқа бағдарланған өңірдің ірі кәсіпорындарының қызметін көзбен көріп, көңілге түйдік. Бізді алдымен Қостанайдың «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасына апарды. Өндіріс ошағы мемлекетіміздің мақтанышына айналған. Фабриканың қаржылық директоры Ольга Губареваның айтуынша, шығарылатын жалпы өнімнің жартысынан көбі Қазақстан нарығында сатылады, қалған 44 % -ін экспортқа шығарады. Әсіресе, Ресей, Беларуссия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Қытай, Моңғолия, Грузия, Арменияға тасымалдайды. Жылдар өте шетелдегі тұтынушылар үлесі артып келе жатқан көрінеді. Фабриканың маркетинг бөлімінің басшысы Алексей Зюбанов кәсіпорын сыртқы саудамен қатар отандық нарықтағы белсенділікті берік нығайтуға ниетті екенін хабарлады.

«Біз қазір Қазақстандағы кондитерлік өндірісті кеңейтуге тырысудамыз. Себебі, елімізде ТМД төңірегінен келетін импорттық өнімдер көп. Ал нарық отандық өнімдерге тиесілі болуы керек. Ұлттық кондитерлік өндіріс ошағы ретінде, ел нарығындағы және экспорттағы үлесімізді арттыруға күш саламыз», – деді ол.

Қазір фабрика жанынан үлкен цех салынып жатыр. Ауқымды кешен «Кондитерлік астана» деп аталады. Ол жер бисквит өнімдерінің жаңа түрлерін шығаратын алып өндіріс ошағына айналмақ. Жаңа нысанда халық арасында танымалдыққа ие америкалық печеньенің сан түрін дайындауды жоспарлауда. Сондай-ақ классикалық, әртүрлі салмасы бар, мармелад, жидектер қосылған үгітілгіш печеньелер мен курабье әзірленеді.

Жобаның құрылысы аяқталуға жақын қалды. Ғимараттың қаңқасы дайын. Ендігісі монтаждау, жабдықтарды орнату сияқты шаруалар қалды. Кәсіпорынға Италиядан өндірістік желілер алынған. Шетелдік мамандар арнайы шақырылып, жаңа нысанда заманауи құрал-жабдықтарды пайдаланудың әдістерін үйретпек.

Дереккөз: https://kostanaytany.kz/qostanajlyq-tawarlar-shetel-naryghyn-baghyndyrdy/

consultation Кеңес ал!