Қазақстандық экспорт: мемлекет отандық өндірушілерді шетелде қалай қолдайды
Бүгінде экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштері – бәсекеге қабілетті өнім шығарып, заманауи технологияларды енгізетін кәсіпорындар. Бұл оларға халықаралық нарықтарға табысты шығып, елдің экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Отандық өндірушілердің кәсіпорындарын жаңғыртып, ішкі және сыртқы нарықтарда жоғары бәсекеге қабілетті ойыншыларға айналуына «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА, «Бәйтерек» холдингінің құрылымына кіреді) көмектесіп келеді. Компания сыртқы сауда қызметіндегі тәуекелдерді азайту үшін сақтандыру және қаржылық-кепілдік құралдарын ұсынады.
Журналистер бұл тетіктердің іс жүзіндегі тиімділігін Қостанай облысына ұйымдастырылған арнайы баспасөз туры барысында көрді. Аталған өңірдегі агенттіктің ірі әрі тұрақты серіктестерінің бірі – «Баян Сұлу» АҚ кондитерлік фабрикасы.
Ұлттық даму институтының қолдауының арқасында кәсіпорын бүгінде 300-ден астам өнім түрін шығарып, шетелдік нарықтарды белсенді игеруде. Қостанайлық тәтті өнімдер Қытайға, Моңғолияға, Арменияға, Өзбекстанға және Ресейге экспортталады. Ресей нарығына жеткізілетін өнім көлемі фабриканың жалпы экспорт көлемінің шамамен 80%-ын құрайды. Жалпы алғанда, «Баян Сұлу» өнімдерінің 44%-ы шетелдік нарықтарға жөнелтілсе, қалған бөлігі ішкі нарықта сатылады.
«Ірі логистика әрқашан үлкен тәуекелдермен байланысты. Өйткені өнімді шетелге жөнелткен сәттен бастап оның сол елде сатылуына дейін айтарлықтай уақыт өтеді. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің дебиторлық берешекті сақтандыру құралы бізге шетелдік серіктестермен ұзақ мерзімді негізде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Агенттіктің қолдауының арқасында біз шетелдік компаниялар келісімшарттық міндеттемелерін орындамай қалады деп алаңдамай, ірі көлемдегі өнім партияларын жөнелте аламыз. Өндірісімізді кеңейте отырып, біз тек өзіміз дамып қана қоймай, импортты алмастыру саясатына да үлес қосып келеміз».
«Баян Сұлу» АҚ коммерциялық директоры Ольга Губарева
ЭКА қолдауына ие болған тағы бір қостанайлық кәсіпорын – толық циклді етті мал шаруашылығы бағытындағы ірі агрохолдинг «Терра» ЖШС. Компания Қытайға, Өзбекстанға және жақын шетел мемлекеттеріне жоғары сапалы сиыр етін экспорттау бойынша көшбасшылардың бірі болып саналады. Соңғы бір жарым жыл ішінде кәсіпорын шетел нарықтарына шамамен үш мың тонна өнім жеткізіп, одан 12 млрд теңгеге жуық табыс тапқан.
Экспорт географиясының кеңеюіне байланысты шетелге жөнелтілетін сиыр еті көлемін одан әрі ұлғайту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта компания Жапония нарығына шығу мүмкіндігін қарастыруда.
«Асыл тұқымды шаруашылықтарда бір бұқаның құны 2 млн теңгеден басталады, ал біз әдетте ірі көлемде сатып аламыз. Көп жағдайда үлкен несие алу үшін кепілдік қамтамасыз ету жеткіліксіз болып жатады. Осындай кезде Экспорттық-кредиттік агенттік көмекке келеді. Олар банк алдында біз үшін кепіл болады, біз қаржыландыру алып, мал сатып аламыз, оны бордақылаймыз, кейін ішкі және сыртқы нарықтарға өткіземіз. Мұндай қолдаудың әлеуметтік маңызы да зор. Соңғы үш жылда мал басының айналымын ұлғайту есебінен біз 30 жаңа жұмыс орнын аштық».
«Терра» ЖШС басқарушы директоры Марат Өтелбаев
Ал «Промбаза-7» ЖШС мемлекеттік қолдау арқылы бизнесті әртараптандырудың жарқын үлгісі болып табылады. Өңірде сұйытылған газды ірі жеткізуші ретінде танылған кәсіпорын 2012 жылы қызмет аясын кеңейтіп, өсімдік майын өндіретін шағын цех ашты. Ал алты жылдан кейін заманауи экстракциялық технологияларды қолданатын толық циклді жоғары технологиялық зауытты іске қосып, өңдеу көлемін шамамен он есеге арттырды. Бүгінде кәсіпорын тәулігіне 50 тонна көлемінде тазартылған және тазартылмаған өсімдік майын өндіреді.
«Өнімдеріміздің негізгі бөлігі Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан және басқа да шетел нарықтарына экспортталады. Экспорттық-кредиттік агенттікпен бес жылға жуық уақыттан бері ынтымақтастық орнатып келеміз. Осы уақыт ішінде біз өндірістік қуатымызды арттырып қана қоймай, жұмысшылар санын 18 адамнан 45 адамға дейін көбейттік. Сонымен қатар 2018 жылы зауытқа газ тарттық. Соның нәтижесінде Қостанай облысы Федоров ауданының Копыченка ауылына газ жеткізіліп, бүгінде онда 250-ден астам адам газбен қамтамасыз етілді».
«Промбаза-7» ЖШС құрылтайшысы Мұхамеджан Ақұлов
Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Қостанай облысының экспорттаушыларын 128 млрд теңгеден астам сомаға қолдады. Бұл ЭКА портфелінің шамамен төрттен бір бөлігін құрайды. Жалпы алғанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша агенттік қолдау көрсеткен жобалардың жиынтық экономикалық әсері 2,3 трлн теңгеге бағаланды.
«Біздің серіктес болу өте оңай. Негізгі талап – өз өнімін өндіру және оны экспортқа шығару. Егер кәсіпорынның шетелдік нарықтарға сататын өнім үлесі небәрі 0,5% болса да, біз қолдау көрсетуге дайынбыз. Жалғыз шарт – біздің құралдарымыз экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға бағытталған. ЭКА қолдауы машина жасау мен металлургиядан бастап, елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бар тамақ өнеркәсібіне дейінгі негізгі салаларды қамтиды».
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Сақтандыру және кепілдендіру департаментінің бас менеджері Темірхан Тішбаев
Мемлекеттік қаржылық және сақтандыру тетіктері отандық кәсіпорындарға шикізаттық бағыттан арылып, өндірісті әртараптандыруға және жоғары қосылған құны бар бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл – Қазақстанның бүгінгі таңда алға қойып отырған негізгі міндеттерінің бірі.
