Қазақстан ESG қағидаттарын енгізуді қаржылық ынталандыру арқылы қолдап, экспорттаушылардың шетелдік нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруда
АСТАНА – ESG (экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару қағидаттары) бүгінде тек компания беделіне қатысты мәселе ғана емес, нарықтарға қол жеткізудің маңызды талабы болып отыр. Жаңа талаптарға тез бейімделген компаниялар елеулі бәсекелік артықшылыққа ие болады. Бұл туралы «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-ның ESG жөніндегі маманы Надира Әбенова мәлімдеді.
Экспорттық-кредиттік агенттік басым салалардағы шикізаттық емес экспортты кредиттік кепілдіктер мен сақтандыру құралдары арқылы қолдайды. Сонымен қатар қазба отындары мен көмір өндіруге қатысты жобаларды қаржыландырудан бас тартады.
«Бүгінде ESG тек жақсы тәжірибе ғана емес. Бұл – нарықтардың, инвесторлардың және серіктестердің талабы. Компанияның қаржыландыруға және экспорттық нарықтарға қол жеткізуі оның осы өлшемдерге қаншалықты сәйкес келетініне тікелей байланысты», – деді Әбенова.
Оның айтуынша, компаниялардың ESG мәселелеріне көзқарасы экспорттық нарықтарға шығу мүмкіндігіне де, қаржыландыру құнына да тікелей әсер етеді.
«Мысалы, Еуропада Көміртегі шекаралық реттеу тетігі (CBAM) енгізілуде. Бұл өнімнің көміртегі ізі оның бағасы мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететінін білдіреді. Экспорттаушылар үшін бұл енді абстрактілі тақырып емес, нақты шығын факторы», – деп атап өтті ол.
Әбенованың айтуынша, агенттіктің басты міндеті – қазақстандық бизнестің халықаралық нарықтарда тұрақты әрі бәсекеге қабілетті болуына қолдау көрсету.
«Қарапайым тілмен айтқанда, біз экспорттық нарықтарға шығу барысында бизнес тап болатын негізгі тәуекелдерді өз мойнымызға аламыз. Агенттік экспорттық мәмілелерді сақтандырады, төлем жасалмау тәуекелін жабады, шетелдік сатып алушылардың сенімділігін тексереді, қаржыландыру мен банк кепілдіктерін тартуға көмектеседі, айналым қаражаты мен инвестициялық жобаларды қолдайды, сондай-ақ шетелдік сатып алушыларды қаржыландырады. Бұдан бөлек, агенттік кредиттерді, лизингтік мәмілелер мен инвестицияларды сақтандырып, жобаларды барлық кезеңдерде сүйемелдейді», – деді ол.
Коммерциялық тәуекелдерден бөлек, қаражат аударуға қойылатын шектеулер, саяси тұрақсыздық және заңнамадағы өзгерістер сияқты саяси тәуекелдер де бар.
«Біздің портфельдің басым бөлігін металлургия, химия және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары құрайды. Олардың өнімдеріне шетелде сұраныс жоғары. Біздің міндетіміз – олардың жаңа талаптарға, соның ішінде экологиялық стандарттарға сәйкес болуына көмектесу. Іс жүзінде біз Қазақстан бизнесі мен халықаралық ESG күн тәртібінің арасындағы көпір қызметін атқарамыз», – деді Әбенова.
ESG стандарттарына сәйкес келетін қазақстандық экспорттаушылар Экспорттық-кредиттік агенттік ұсынатын бағдарлама аясында экспорттық сақтандыру сыйлықақысына 10%-ға дейін жеңілдік ала алады.
«Клиент сақтандыруға өтінім береді – бұл кредит, жобалық қаржыландыру немесе лизинг болуы мүмкін. Егер инвестициялық жобаның мерзімі екі жылдан асса, ESG бағалауы жүргізіледі. Клиент сауалнаманы толтырады, агенттік талдау жасайды және белгіленген критерийлер орындалған жағдайда 10%-ға дейін жеңілдік береді», – деп түсіндірді Әбенова.
«Бұл жерде маңызды жайт – ESG шығын емес, керісінше шығындарды азайту мен бизнестің тұрақтылығын арттыру құралына айналады», – деп қосты ол.
Агенттіктің өзі үшін ESG қағидаттарын енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асқан трансформациялық үдеріс болды.
«Бұл біртіндеп және көбіне өз күшімізбен іске асырылған процесс болды. Біз дайын шешімдерден бастаған жоқпыз, өйткені экспорттық-кредиттік агенттіктің ерекшелігін ескерсек, мұндай шешімдер іс жүзінде болған жоқ», – деді Әбенова.
Алғашқы кезең агенттіктің қоршаған ортаға әсерін бағалау мен ресурстарды тұтынуды оңтайландыруды қоса алғанда, ішкі үдерістерді талдауға арналды.
«Кейін біз басқа экспорттық-кредиттік агенттіктердің тәжірибесін және халықаралық ұйымдардың ұсынымдарын белсенді түрде зерттей бастадық. Бұл біз үшін әдіснамалық негіз қалыптастырды. Алайда ең басты міндет – осы тәсілдерді Қазақстан нарығының ерекшеліктеріне бейімдеу болды», – деп түсіндірді ол.
Агенттік Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен құрылған көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі экспорттық-кредиттік агенттіктер альянсының (Net-Zero Export Credit Agencies Alliance) мүшесі болып табылады. Сонымен қатар қоршаған ортаға және климатқа оң әсер ететін инвестицияларды ынталандыруға бағытталған Жасыл инвестициялар қағидаттарына (Green Investment Principles) қосылып, Target Setting Protocol құжатына қол қойды.
«Сонымен бірге халықаралық тәжірибені сол күйінде көшіру емес, оны жергілікті жағдайға бейімдеу аса маңызды. Біздің мақсатымыз – бизнеске шамадан тыс реттеуші жүктеме түсірмей, оның жаңа талаптарға кезең-кезеңімен бейімделуін қамтамасыз ету», – деді ол.
Агенттік климаттық күн тәртібін жаңа мүмкіндіктер көзі ретінде қарастырады. Бұл – жасыл жобаларды дамыту, энергия тиімділігін арттыру және жаңа экспорттық бағыттарды игеру мүмкіндігі.
«2025 жылдан бастап біз климаттық өтпелі кезең стратегиясын іске асырып келеміз. Қазақстанда су тасқынына, құрғақшылыққа және басқа да табиғи қауіптерге бейім өңірлер бар екенін ескере отырып, климаттық тәуекелдерді бағалау жүйесін кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отырмыз», – деді Әбенова.
Әбенованың пікірінше, компаниялар өзгерістер қарқынынан қалмай, жаңа талаптарға мүмкіндігінше ертерек бейімделуі қажет.
«Еуропалық одақпен жұмыс істейтін компаниялар көміртегі ізіне қатысты талаптармен қазірдің өзінде бетпе-бет келіп, тезірек бейімделуде. Ал кейбір компаниялар бұл үдеріске енді ғана кірісіп жатыр. Сондықтан уақыт жоғалтпау өте маңызды. Дәл қазір әрекет ете бастағандар айтарлықтай бәсекелік артықшылыққа ие болады», – деп түйіндеді ол.
