Стратегиялық серіктестіктің жүйелі платформасы
Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің Басқарма төрағасы Аллен Шайжүнісов пен Қазақстанның Даму Банкінің Басқарма төрағасы Марат Елібаев Ташкентте Өзбекстанның стратегиялық қаржы институттарымен ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумдарға қол қойды. Жаңа құжаттарда Орталық Азиядағы экономикалық интеграцияны кеңейту және шикізаттық емес секторды қолдаудағы отандық жетістіктерді ауқымдандыру бойынша стратегиялық басымдықтар айқындалған.
Аллен Шайжүнісов пен Марат Елібаев «Өзөнеркәсіпқұрылысбанк», «Тенге Банк», «Капиталбанк» және «Ориент Финанс Банкі» басшылығымен саудалық, банкаралық және құрылымдық қаржыландырудың табысты құралдарын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Бүгінгі таңда Өзбекстан Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі ретіндегі позициясын сақтап отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Экспорттық-кредиттік агенттік өзбек тарапымен жұмыс істейтін қазақстандық экспорттаушыларды жалпы сомасы 300 миллион долларға қолдады. Оң динамика 2026 жылы да жалғасуда: жыл басынан бері қолдау көлемі 26 миллион долларға жетті. Агенттік Өзбекстанның алты орталық банкімен табысты жұмыс істеп, трансшекаралық тауар айналымының тұрақтылығын қамтамасыз етуде. Өзбекстандағы серіктес қаржы институттарына арналған жиынтық белгіленген лимит шамамен 140 миллион долларды құрайды. ЭКА-ның қолдауымен 2025 жылы Өзбекстан нарығына шыққан қазақстандық экспорттаушылар тамақ өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік сектор, металлургия, құрылыс және химия салаларында 100-ге жуық келісімшартты іске асырды.
Экспорттық-кредиттік агенттіктің Басқарма төрағасы Аллен Шайжүнісов қазақстандық тараптың басымдықты нарықтарда экспортты қолдау жүйесін одан әрі кеңейтуге және ауқымдандыруға дайын екенін атап өтті.
«Біз экспорттық операциялардың тұрақты дамуын қамтамасыз ете отырып, жобалар мен нарықтардың ерекшеліктерін ескере отырып, бәсекеге қабілетті шарттар ұсынуға және мәмілелерді құрылымдауға икемділік танытуға дайынбыз», – деді ол.
«Бәйтерек» холдингінің бірыңғай қаржылық контуры аясында әрекет ете отырып, Экспорттық-кредиттік агенттік пен Қазақстанның Даму Банкі экспорттаушыларға кешенді қолдау көрсетеді: инвестициялық кезеңде сақтандыру мен кепілдік базаны нығайтудан бастап, операциялық кезеңде саудалық, экспорт алдындағы қаржыландыру мен экспорттық келісімшарттарды сақтандыру құралдарын іске асыруға дейін.
Серіктестікті жүйелі түрде ауқымдандыру үшін серіктес банктерге арналған лимиттерді кезең-кезеңімен игеру мен ұлғайтуға, қаржыландыру әлеуетін кеңейту үшін кіріс қайта сақтандыру тетіктерін енгізуге, сондай-ақ шикізаттық емес экспорт құрылымын әртараптандыруға назар аудару ұсынылды.
Өзбекстан нарығында жұмыс істеп жатқан қазақстандық компанияларды, соның ішінде BI Group, RG Brands және басқаларын қолдауға ерекше көңіл бөлінді.
Өзбекстанға сапар барысында Қазақстанның Даму Банкінің Экспорттық-кредиттік агенттікпен синергияда экспорттық операцияларды қолдауға қатысуын кеңейтудің перспективалы бағыттары да талқыланды. Экономикалық ынтымақтастықтағы жүйелілік мемлекеттік қолдаудың кешенді моделін қалыптастырады, бұл модельде даму институттары бірыңғай қаржылық контур ретінде әрекет етіп, тәуекелдерді азайтуға кепілдік береді және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттырады.
Жекелеген мәмілелерден жүйелі платформаға көшу қазақстандық компаниялардың Өзбекстан нарығында және жалпы халықаралық нарықтарда ұзақ мерзімді әрі тұрақты болуына негіз қалайды.
Дереккөз: https://liter.kz/sistemnaia-platforma-dlia-strategicheskogo-partnerstva-1776875438/
