Қазақстанның Экспорттық сақтандыру агенттігі «Рахат» кондитер фабрикасы үшін жаңа нарықтарды ашуда
Алматы қаласында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы – «Қазақстанның экспорттық сақтандыру агенттігі» АҚ-ның бастамасымен еліміздегі ірі кондитер өнімдерін өндіруші — «LOTTE Рахат» АҚ фабрикасына баспасөз туры өтті.
Баспасөз турына қатысушыларға фабриканың өндірістік корпустарына экскурсия барысында танымал қазақстандық шоколад, түрлі карамельдер мен экспортқа шығарылатын шоколад кәмпиттері өндірілетін үдерістің барысымен жақынырақ танысу мүмкіндігі берілді.
«LOTTE Рахат» АҚ-ның экспортты дамыту жөніндегі директоры Камиль Миррахимовтың айтуынша, қазіргі уақытта компания өз өнімдерін әлемнің 10-нан астам еліне экспорттайды.
Экспорт географиясы жеткілікті кең: Орталық Азия елдері, Моңғолия мен Ресей Федерациясынан бастап, АҚШ сияқты алыс нарықтарға дейін таралады. Ресей біздің негізгі сыртқы сауда әріптесіміз болып қала береді, ал тұрақты шетелдік клиенттер саны 40-тан асады. Мысалы, Ресейде карамельге деген сұраныс дәстүрлі түрде жоғары болса, Өзбекстанда тұтынушылар шоколад кәмпиттерін көбірек ұнатады, – деді ол.

Оның айтуынша, компания зауытта өндірілетін 14 тауарлық топтың барлығын шетелге экспорттайды, бұл жалпы алғанда 300-ден астам өнім атауын қамтиды. Әрбір сыртқы нарық үшін тұтынушылардың ұлттық талғамына сай жеке өнім ұсыныстары әзірленеді. Шетелде ең үлкен сұранысқа ие өнім — қазақстандық шоколад. Ол АҚШ, Канада және Германия сияқты негізгі нарықтарда тұрақты түрде жоғары сұранысқа ие. Камиль Миррахимов «Қазақстанның экспорттық сақтандыру агенттігі» АҚ-ның (ЭКА, Агенттік) компанияның экспорттық бағыттағы дамуына қосқан маңызды үлесін ерекше атап өтті. «Рахат» компаниясы Агенттікпен 2014 жылдан бері тығыз ынтымақтастық орнатып келеді, бүгінде барлық ірі экспорттық келісімшарттар іс жүзінде Агенттіктің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Мысалы, ағымдағы жылы ЭКА-ның қолдауымен аса ірі экспорттық келісімшартқа қол қойылды. Ынтымақтастық өзара тиімді сипатқа ие: шетелдік серіктестер қазақстандық өндірушінің өнімін өз нарықтарында сатумен қатар, өз тауарларын Қазақстан нарығында да ұсынады. Сонымен қатар, ЭКА шетелдік серіктестерге «LOTTE Рахат» өнімдерімен қауіпсіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді, экспорттық-кредиттік сақтандыру мен қолдау шараларын ұсынады.

Ынтымақтастықтың тартымдылығын арттыратын негізгі құралдардың бірі – шетелдік клиенттер үшін төлемді кейінге шегеру мүмкіндігі. Бұл шарттар ЭКА бекіткен лимиттер аясында келісіліп, нарық сұранысына икемді әрекет етуге және жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Компания Ресей мен Өзбекстанға экспортты сәтті дамытып келеді, сондай-ақ болашағы зор, бірақ күрделі Қытай нарығына ерекше назар аударуда. Қытаймен жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан, кондитерлік фабрика бұл бағыттағы жеткізілім көлемін ұлғайтып, оны ұзақмерзімді өсудің басым бағыты ретінде қарастырып отыр.
Компания ішінде жүзеге асырылып жатқан ағымдағы бизнес-кейс аясында экспорттық жеткізілімдер жалпы сату көлемінің 20%-дан астамын құрайды. Бұл экспорттық бағыттың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді, ал бұл бағыт кәсіпорын басшылығы үшін негізгі әрі стратегиялық маңызы бар басымдық ретінде айқындалған. Экспорттық қызметті кеңейту шеңберінде компания Молдова елімен келісімшартқа қол қойып, Канадамен келіссөздердің соңғы кезеңінде тұр. Алдағы жоспарлар қатарында – Біріккен Араб Әмірліктері мен Таяу Шығыс елдерінің нарығына шығу бар. Бұл ретте ЭКА-ның қолдауы аса қажет.
Экспорт – біз үшін өсудің маңызды әрі болашағы зор бағыты. Біз қол жеткізген нәтижелермен шектелмей, бұл бағытты белсенді түрде дамытып келеміз. Компания ішкі және сыртқы нарықтардағы өнімге деген сұраныстың өсу қарқынынан қалыспауға ұмтылады. Қазіргі уақытта біз вафель өнімдерін өндіруге арналған екі жаңа өндірістік желіні іске қосуға дайындалып жатырмыз. Техникалық жаңғырту – біздің стратегиямыздың ажырамас бөлігі. Біз заманауи технологияларды белсенді енгізіп келеміз: кәсіпорында батончиктер шығаратын жоғары технологиялық желі мен мармелад өндіруге арналған заманауи жабдықтар сәтті жұмыс істеп тұр, – деп бөлісті Камиль Миррахимов.
Кәсіпорын Алматы қаласындағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі болып қала береді: фабрикада 2,5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Фабрика тұрақты жұмыспен қамту, ресми еңбекақы төлеу және тұрақты салық аударымдарын қамтамасыз етеді. Компания Қазақстандағы ең ірі 300 компанияның қатарына кіріп, шикізаттық емес сектордағы Алматы қаласының он ірі салық төлеушісінің қатарында.
Елдің экспорттық әлеуетін дамыту тақырыбын жалғастыра отырып, Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры Алмас Қалқаев ұйым қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып өтті. ЭКА — шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету жөніндегі ұлттық институт. Агенттік отандық экспорттаушылардың сыртқы экономикалық қызметімен байланысты тәуекелдерді сақтандырады және қазақстандық өндірушілер мен олардың шетелдік әріптестері арасындағы мәмілелердің қаржылық шарттарын жақсартуға ықпал етеді. Атап айтқанда, 2016 жылдан бері ЭКА отандық экспорттаушыларға 1,6 трлн теңгеден астам сомаға қолдау көрсетті. Агенттік қызметін 250-ден астам отандық компания пайдаланды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша агенттік көрсеткен экспорттаушыларға қолдау көлемі 337 млрд теңгеден асты – бұл компания қызметі басталғалы бергі ең жоғары көрсеткіш. Жалпы экономикалық әсер 2,5 трлн теңгеге бағаланады. Бұл көрсеткіш экспорттық түсімді, өндірілген өнім көлемін және салық төлемдерін қамтиды.

2024 жылы экспорттық сақтандыру көлемін ұлғайту мақсатында ЭКА 129,2 млрд теңге сомасына 10 жыл мерзімге мемлекеттік кепілдік алды. Бұл агенттікке 650 млрд теңгеден астам сомаға сақтандыру және кепілдік міндеттемелерді қабылдауға мүмкіндік береді.
Алмас Қалқаевтың айтуынша, 2014 жылдан бері жалғасып келе жатқан «ЛОТТЕ Рахат» АҚ-мен ынтымақтастық аясында Агенттік шетелдік контрагенттердің төлем жасамау тәуекелін сақтандырып, жеңілдетілген сауда қаржыландыруын алуға мүмкіндік береді. Бұл экспорттаушыларға шетелдік сатып алушыларға бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынуға жол ашып, сұранысты ынталандыруға және жеткізу географиясын кеңейтуге ықпал етеді. Ағымдағы жылы ЭКА кондитерлік фабрикаға 7 млрд теңгеден астам сомаға қолдау көрсетті.
Агенттік ұсынатын қолдау құралдарына төлемді кейінге қалдыруды сақтандыру, шетелдік контрагенттерді алдын ала тексеру, құқықтық қолдау және серіктестердің қаржылық тұрақтылығын бағалау кіреді. Біздің қолдауымыз, ең алдымен, экспорт кезінде туындайтын қаржы-сақтандыру тәуекелдерін қабылдаудан тұрады. Бұл экспорттаушылардың мүмкіндіктерін және олардың әлеуетті шетелдік сатып алушылар аясын едәуір кеңейтеді. Мұндай қолдаусыз өндіруші клиенттердің шектеулі санына ғана сүйенуге мәжбүр. Біздің қолдауымыз өнімді сатып алушыларға төлемді кейінге қалдыру шартымен ұсынуға мүмкіндік беріп, әлеуетті клиенттер санын бірнеше есеге арттыруға, айналым қаражатын ұлғайтуға, дебиторлық берешектен арылуға, валюталық тәуекелдерді төмендетуге және аванс алуға жол ашады. ЭКА өнімдері экспорттық кредиттерді сақтандыру саласындағы ең озық халықаралық тәжірибелер негізінде әзірленіп, клиенттердің сұраныстарына барынша сай келеді, – деп түйіндеді А. Қалқаев.
Айта кетейік, жақында ЭКА клиенттердің ыңғайлылығы үшін «Экспорттаушының жеке кабинеті» атты онлайн-платформаны іске қосты. Бұл – цифрлық өтінімдер беруге және шарттардың талаптарын келісуге арналған толық цифрландырылған бизнес-процесс. Аталған кешенді тәсіл өтінімдерді өңдеу үдерісін едәуір жеделдетіп, өзара әрекеттесу тиімділігін арттырады және экспорттаушылардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Платформа «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді және «Bgov» бизнеске қолдау көрсету порталымен, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингінің байланыс орталығымен интеграцияланған. Сонымен қатар, экспорттаушылар Агенттіктің жауапты менеджерімен онлайн-режимде тікелей байланыса алады.
