Экспортты қолдау мақсатында мемлекеттік кепілдік беру қағидалары бекітілді. | БАҚ біз туралы | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

БАҚ біз туралы

Экспортты қолдау мақсатында мемлекеттік кепілдік беру қағидалары бекітілді.

Қаржы министрі 2025 жылғы 24 маусымдағы бұйрығымен экспортты қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы мемлекеттік кепілдігін беру қағидаларын және оны беру нысандарын бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Экспортты қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігі сақтандырушы ретінде әрекет ететін Агенттіктің (Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі) сақтандыру және кепілдік шарттары бойынша сақтандыру және кепілдік жағдайлары туындаған кезде қазақстандық және шетелдік сақтандырушылар мен бенефициарлар алдындағы төлемдер бойынша берешегін өтеуін қамтамасыз ету үшін ұсынылады.

Мемлекеттік кепілдік алу үшін Агенттік уәкілетті органның оң қорытындысын және бюджеттік саясат жөніндегі уәкілетті органның қорытындысын ұсынады.

Салалық қорытындыны алу үшін Агенттік уәкілетті органға келесі құжаттарды қоса тіркеп, өтінім жолдайды:

  • мемлекеттік кепілдікке қатысты ақпарат: мемлекеттік кепілдіктің сомасы, оның қолданылу мерзімі, мемлекеттік кепілдікті пайдалану бойынша институционалдық сызбасы (процеске қатысушылар, олардың өзара іс-қимылы туралы мәліметтер);
  • Агенттікке қатысты ақпарат: жарғы және құрылтай құжаттарының көшірмелері, Агенттіктің мәртебесін растайтын құжаттар, Агенттіктің даму жоспары, рейтингтік есеп.

Көрсетілген құжаттар Агенттік тарапынан ұсынылмаған жағдайда, уәкілетті орган өтінімді бес жұмыс күні ішінде қараусыз қалдырып, кері қайтарады.

Уәкілетті орган Агенттік өтінімін ұсынған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде салалық қорытынды береді.

Уәкілетті орган теріс салалық қорытынды берген жағдайда, Агенттіктің өтінімі кері қайтарылады және оны одан әрі жетілдіру үшін қайтару себептері көрсетіледі.

Қайтару себептері жойылғаннан кейін Агенттік құжаттарды қайтадан уәкілетті органға ұсынады.

Толық құжаттар пакеті қабылданған жағдайда, бюджетті орындау жөніндегі уәкілетті орган 20 жұмыс күні ішінде Агенттікпен және өкілімен (агентімен) келісім-шарт жасасады.

Болжанады, бюджетті орындау жөніндегі уәкілетті орган Келісімшартқа қол қойылғаннан кейінгі 10 жұмыс күні ішінде Үкіметтің мемлекеттік кепілдікті беру туралы қаулысын қабылдауын қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік кепілдік экспортты қолдау мақсатында мемлекеттік кепілдік беру формасына сәйкес Кепілдік келісімшарты жасасу арқылы беріледі.

Кепілдік келісімшартқа бюджетті орындау жөніндегі уәкілетті органның басшысы және Агенттік басшысы қол қояды.

Экспортты қолдау жөніндегі кепілдік келісімшарты қазақ және орыс тілдерінде екі түпнұсқа түрінде дайындалады, олар тең заңды күшке ие.

Мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражат сақтандыру және кепілдік төлемдерін өтеу есебінен Агенттік тарапынан республикалық бюджеттің кірісіне қайтарылатыны көрсетілген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру формасы бекітілді.

Өкім 2025 жылдың 8 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Дереккөз: www.zakon.kz

consultation Кеңес ал!