ШҚО өңделген өнімді экспорттау бойынша үздік үштікте | БАҚ біз туралы | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

БАҚ біз туралы

ШҚО өңделген өнімді экспорттау бойынша үздік үштікте

Шығыс өңірінің кәсіпкерлері «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-ның өкілдерімен кездесіп, өңделген өнімді экспорттау бойынша ақпарат алды. Бұған дейін өңірдегі бірқатар кәсіпорынның экспортқа шығуына септігін тигізген экспорттық-кредиттік агенттік өңделген өнімдерін экспорттауға ниетті компонияларға қолдау көрсетуді жалағастыратынын айтты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Шығыс Қазақстан облысында 2024 жылы ЭКА қызметі ондаған жергілікті компанияларға сыртқы нарықтардағы позицияларын нығайтуға көмектескен. Іске асырылған экспорттық жобалардың жалпы сомасы 62 миллиард теңгеден асқан. Ал қазіргі уақытта 300-ден астам отандық компания ЭКА-ның қаржылық, сақтандыру және кепілдік қолдау құралдарын пайдаланады. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында экспорттық жобалардың жалпы сомасы 333 млрд теңгеден асса, жыл соңына қарай 600 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырғандарын айтты.

– ШҚО ЭКА-дан жалпы сомасы 30 млрд теңгеге қолдау алып, көшбасшы-экспорттаушылардың қатарына кірді, – деді «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-ның пиар қызметі басшысының орынбасары Мұхтар Жаммишжанов.

Кездесу барысында ЭКА өңірлік менеджері Алтынгүл Төлегенова кәсіпкерлерге агенттіктің қолданыстағы қолдау құралдары туралы айтып, жаңа өнімге – экспорттық операцияларға кепілдік беру құралына баса назар аударды. Сонымен қатар, қатысушылар агенттіктің цифрлық инновациялары – өтінім беруден бастап шарт жасасуға дейінгі, құжаттаманы электрондық түрде ресімдеудің толық циклін жүргізуге мүмкіндік беретін «Экспорттаушының жеке кабинеті» жаңа платформасы туралы білді. Бұл жүйе өзара әрекеттесу процестерін жеңілдетеді және кәсіпкерлердің уақытын үнемдейді. 

 Біздің платформамыздың тиімді жұмысы мен қаржылық шешімдердің кең ауқымының арқасында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Шығыс Қазақстан облысы сақтандыру өтемінің көлемі және ЭКА ұсынған кепілдіктер бойынша Қазақстанның ең ірі өңірлерінің үштігіне енді. , – деп атап өтті «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-ның өңірлік менеджері Алтынгүл Төлегенова. 

Ол өңірдің сыртқы экономикалық қызметті одан әрі жандандыру үшін айтарлықтай резерві бар екенін және агенттік мұндай бастамаларды қолдауға дайын екенін айтты. 

– Біз кәсіп пен кәсіпкерлердің деңгейіне қарамаймыз. Өңделген өнімдерінің потенциялы бар болса, кәсіпкер оны экспорттауға ниетті болса көмектесуге дайынбыз. Біз оның өнімін шетелге ұсынып, алушыларды тауып беруге және экспорттау бойынша қолдау көрсетеміз, – «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-ның өңірлік менеджері Алтынгүл Төлегенова

Талқылауға арналған басты тақырыптардың бірі жылдық 12,6%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша кредиттеудің тартымды шарттарын ұсынатын экспорт алдындағы қаржыландыру құралы болды. Мұндай механизм коммерциялық банктер арқылы да, Қазақстанның Даму Банкі арқылы да қолжетімді. ЭКА өңірлік менеджерінің айтуы бойынша, бұл шикізатты сатып алу және өнімнің экспорттық партияларын дайындау үшін айналым қаражатын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ең сұранысқа ие қаржылық өнім. 

Айта кетейік, кеше «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-ның өкілдері өздері қолдау көрсеткен Шығыс Қазақстан облсындағы экспорттаушы кәсіпорындардың жұмысымен танысқан болатын. Олар  «Востокмашзавод» зауыты, «ALTAI MAI» ауыл шаруашылығы кәсіпорны және «Altyn Shygys» өндірісінің жұмысымен танысты.

Дерексөз: https://bizdinoskemen.kz/zhanalyktar/3396-sho-delgen-nimdi-jeksporttau-bojynsha-zdik-shtikte.html 

consultation Кеңес ал!