«KazakhExport» ЭСК» АҚ Қоғамдық кеңесінің бірінші отырысы өтті | Баспасөз релизі | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Баспасөз релизі

«KazakhExport» ЭСК» АҚ Қоғамдық кеңесінің бірінші отырысы өтті

Үстіміздегі жылдың 06 тамызында Нұр-Сұлтан қаласында «KazakhExport» ЭСК» АҚ Қоғамдық кеңесінің бірінші отырысы болып өтті.

Отырыста бірқатар жұмыс мәселелері, оның ішінде «KazakhExport» ЭСК» АҚ Қоғамдық кеңесінің төрағасын сайлау туралы мәселелер қаралды.

Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша Қамбар Омаров «KazakhExport» ЭСК» АҚ Қоғамдық кеңесінің төрағасы болып сайланды. Қамбар Тәтібайұлының экономикалық салада 25 жылдық тәжірибесі бар, «TSC Global Kazakhstan» консалтингтік компаниясының басқарушы серіктесі, «ҚАЗАҚПАРАТ» халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ және «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директоры болып табылады.

Іс-шара барысында «KazakhExport» ЭСК» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Искаков Қоғам қызметінің түрлі мәселелерін ашық талқылау, стратегиялық құжаттар мен заңнамалық бастамаларды әзірлеу үшін тәуелсіз және ашық орган ретінде «KazakhExport» ЭСК» АҚ Қоғамдық кеңесін құрудың маңыздылығын атап өтті.

- Қоғамдық кеңесті қалыптастыру бойынша жұмыс квазимемлекеттік секторда Қоғамдық кеңестер құру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жүргізілді. Біз бұл бастама шешім қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етудің қосымша құралы болатынына, ал әріптестеріміздің мол тәжірибесі мен білімі біздің жұмысымыздың тиімділігін арттыруға көмектесетініне сенімдіміз, - деп нақтылады ол.

Естеріңізге сала кетейік, «KazakhExport» ЭСК» АҚ Қоғамдық кеңесінің құрамы 2021 жылдың 10 маусымында бекітілді. Оған 12 мүше кіреді, оның тоғызы азаматтық қоғам өкілдері болып табылады және олардың қаржы, экономикалық, заңгерлік, заң шығару салаларында үлкен тәжірибесі бар.

Анықтама:

«KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрылымына кіреді) - Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің экспортын ілгерілету жөніндегі ведомстволық бағынысты ұйымы. «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ миссиясы экономиканың басым секторларында шикізаттық емес тауарлар, жұмыстар, қызметтер экспортының өсуін қолдау және қазақстандық кәсіпорындарды қаржылық-сақтандыру және қаржылық емес қолдау практикасын қалыптастыру болып табылады.

«KazakhExport» ЭСК» АҚ баспасөз қызметі