ЭКА қолдау көлемін ұлғайтты: I тоқсан қорытындысы шықты | Баспасөз релизі | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Баспасөз релизі

ЭКА қолдау көлемін ұлғайтты: I тоқсан қорытындысы шықты

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс нәтижесін ұсынды. Қаңтар-наурыз айларында Агенттік отандық экспорттаушыларды жалпы көлемі 82,9 миллиард теңгеге қолдау көрсетті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,4 миллиард теңгеге көп. Есепті кезеңде алдын ала экспорт және экспорттық-сауда қаржыландыру сомасы 2 миллиард теңгеден асты.   

2025 жылдың бірінші тоқсанында ЭКА 18 экспорттаушыға қолдау көрсетті, оның 56% пайызын шағын және орта бизнес кәсіпорындары құрайды. Осы уақыт аралығында барлығы 73 келісімшарт жасалынған. 

Агенттік қолдауын салалық құрылым бойынша талдау барысында мына бағыттар анықталды:

  • Металлургия – 67,9% 
  • Азық-түлік өнеркәсібі – 29,5% 
  • Химия өнеркәсібі – 1,4% 
  • Машина жасау – 0,8% 
  • Басқа салалар, оның ішінде жұмыстар мен қызметтер – 0,3%

Негізгі экспорттық тауарлардың қатарына кондитерлік өнімдер, металл прокат, макарон өнімдері, болат, мыс катодтары, ірі қара малға арналған құлақ жапсырмалары, шұлық, қияр, жүгері крахмалы, күнбағыс майы және басқа да тауарлар кірді.

Экспорттаушы өңірлер арасында Қарағанды облысы көш бастап тұр, оған экспорттың жалпы көлемінің 60,8 пайызы тиесілі. Аймақ кәсіпорындары құны 50,4 миллиард теңге болатын экспорт жасады. Одан кейін Қостанай облысы (12,1 миллиард теңге) және Алматы (8,3 миллиард теңге) қаласы жайғасты.

Экспорттың негізгі бағыттары – Ресей, Өзбекстан, Ауғанстан, Қырғызстан және Тәжікстан.

«Біз экспорттық мәмілелердің тұрақты өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Қазіргі уақытта ЭКА экспорттаушыларға қолдау көрсету көлемін кеңейтіп, цифрлық қызметтерді дамытып, инновациялық өнімдерді енгізуге бар күш-жігерін жұмсап жатыр. Біздің басты мақсатымыз — отандық кәсіпорындарға толыққанды қолдау көрсету», — деді ЭКА Сақтандыру және кепілдік беру департаментінің директоры Елена Абилова.

ЭКА 2025 жылдың басынан экспорттық қызметті қолдау мақсатында бірнеше кепілдік берді. Бұл кепілдіктер арасында Өзбекстанға ірі қара малға құлақ жапсырмаларын жеткізу бойынша және кәріз жүйелері мен жаңа насос станцияларын салу бойынша келісімшарттар бар.

Айта кетейік, халықаралық нарықтарда отандық компанияларды қолдау үшін ЭКА Өзбекстан (Ташкент қ.), Қырғызстан (Бішкек қ.), Тәжікстан (Душанбе қ.) және Ресей Федерациясында (Мәскеу, Екатеринбург, Қазан қ.) өкілдіктері бар.

chat Кеңес ал!