Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі мен CESCE арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Басқармасының төрағасы Әлен Шайжүнісов «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ делегациясының құрамында Мадридтегі Қазақстан-Испания іскерлік кеңесіне қатысты.
Іс-шараға қатысушылар - екі елдің мемлекеттік органдары мен ірі бизнесінің өкілдері - әр түрлі секторларда, соның ішінде өңдеу және жеңіл өнеркәсіп, машинажасау, металлургия және АӨК салаларында екіжақты экономикалық қатынастарды дамытудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесуде Кеңеске қатысушылар ықтималды бірлескен жобаларды талқылады, тәжірибелерімен бөлісті және пікір алмасты, сондай-ақ инвестициялар тарту және экспорттық әлеуетті арттыру жолымен өзара пайдалы ынтымақтастықты жандандырудың нақты қадамдарын айқындады.
Іс-шара аясында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің басшысы Inditex, Pikolinos, Parque Tecnológico de Valdemingómez, Loramendi, Pescanova, Pascual Calidad, Bombas Ideal, Nektium Pharma сияқты және т.б. испаниялық ірі компаниялардың өкілдерімен В2В форматында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Әлен Шайжүнісов қазақстандық тауарлар мен қызметтерді импорттау кезінде Қазақстанның ЭКА заманауи құралдар мен жеке тәсіл ұсыну арқылы жергілікті контрагенттерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ мен Испанияның экспорттық кредиттерді сақтандыру жөніндегі мемлекеттік компаниясы – CESCE арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Келісім бірлескен жобаларды іске асыру кезінде экспорттаушыларды қолдау бойынша екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған, бұл экспорттық операциялардағы тәуекелдерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Тараптар тәжірибемен, нарықтар мен секторлар туралы талдамалық деректермен, андеррайтинг практикасымен алмасып және экспорттық қаржыландыру мен кепілдік беру саласында ынтымақтаса отырып, Қазақстан мен Испания арасындағы сауданы дамытуға және ынталандыруға уағдаласты.
«Бүгінгі меморандумның мақсаты – біздің елдеріміз арасында экспорттық кредиттік сақтандыру бойынша жемісті ынтымақтастықтың берік негізін құру. Біз серіктестеріміздің назарын экспортқа бағдарланған жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға Қазақстан салып отырған күш-жігерге аударамыз», - деп атап өтті Ә. Шайжүнісов.
Екі елдің ұлттық даму институттары арасында жасалған келісім экспортты дәстүрлі түрде қолдауды жалғастырып қана қоймай, сонымен қатар импорттың негізгі бағыттары бойынша баламалы жеткізу тізбегін құруға мүмкіндік береді, бұл өнеркәсіптік кәсіпорындарды қажетті ресурстармен қамтамасыз ететін болады. Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін бірлесіп әзірлеу, өндіру және Қазақстаннан экспорттау әлемдік дайын өнім нарығында елдің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге және келешекте қазақстандық технологияларды халықаралық деңгейде таратуға мүмкіндік береді.
Анықтама
* Қазақстан-Испания іскерлік кеңесі
* CESCE
* Испаниямен экспорттық өзара ықпалдасу