Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Закавказьенің жетекші банктерімен бірқатар кездесулер өткізді
Басқарма төрағасының орынбасары Айбол Балкин бастаған «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) жұмыс тобы Закавказье – Әзірбайжан және Грузия елдеріне іскерлік миссиямен барды.
Сапар барысында Әзірбайжанда Kapital Bank, Pasha Bank, Bank of Baku, Xalq Bank, Respublika Bank, «Әзірбайжан өнеркәсіптік банкі» ААҚ және Грузияда TBC Bank, Bank of Georgia, Liberty Bank, Isbank қоса алғанда, өңірдегі аса ірі қаржы ұйымдарының өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды.
Банк өкілдерімен өткізілген кездесулер шеңберінде Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің қолдауымен саудалық қаржыландыруды ұйымдастырудың перспективалары қарастырылды. Ұсынылып отырған тетік бойынша импорттаушы банктің аккредитивін пайдалану көзделген, мұнда қаржыландыру экспорттаушылар тиеп-жөнелту құжаттарын қазақстандық банктерге ұсынғаннан кейін барып жүзеге асырылады.
Бұл құралды енгізу сауда серіктестері арасындағы сенімді нығайтуға, сауда көлемін ұлғайтуға және елдер арасындағы қаржылық байланыстарды дамытуға ықпал етеді. Бұл саудалық қаржыландыру тетігі барлық тараптар үшін бірқатар артықшылықтарды қамтамасыз етеді:
Импорттаушының банктері үшін:
- Қазақстандық банктермен белсенді өзара іс-қимыл мүмкіндігі.
- Қазақстан нарығындағы банк операцияларын дамыту.
- Халықаралық сауда операциялары кезінде тәуекелдерді азайту.
Қазақстандық экспорттаушылар үшін:
- Төлем жасалмау тәуекелдерін азайту – тауарларды жөнелту кезінде төлемнің кепілді түрде уақтылы түсуі.
- Клиенттік базаны кеңейту – жаңа сауда серіктестеріне шығу.
- Халықаралық нарықтарға қол жеткізу – экспорт жағдайларын жақсарту және жаһандық аренадағы позицияларды күшейту.
Импорттаушылар үшін:
- Сатып алынатын өнімнің уақтылы жеткізілуін қамтамасыз ету.
- Қаржыландырудың тиімді шарттары – ыңғайлы төлем шарттары және саудалық қаржыландыруға қолжетімділік.
- Қазақстанда серіктестік желіні кеңейту – орнықты бизнес-байланыстарды дамыту.
ЭКА-ның кепілдіктер беру, экспорттық келісімшарттар бойынша жасалатын төлемдердің мерзімін кейінге қалдыруды сақтандыру және сатып алушылардан түскен аванстық төлемдерді сақтандыру мүмкіндіктері қосымша талқыланды. Бұл құралдар тәуекелдерді басқарудың сенімді тетіктерін қамтамасыз етіп және қаржыландырудың қолжетімділігін арттыра отырып, банктің клиенттерімен мәмілелерді құрылымдау кезінде талап етілуі мүмкін.