Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Орталық Азиядағы ынтымақтастықты нығайтуда
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) делегациясы Орталық Азия елдері – Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанға жұмыс сапарымен барды. Іскерлік топты ЭКА Басқарма төрағасының орынбасары Сергей Куклин басқарды.
Сапар аясында көршілес елдердің жүйе құраушы банктерімен және әлеуетті импорттаушылармен бірқатар кездесулер өтті, онда қолданыстағы және жаңа жобалар бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Қырғызстан, Бішкек қ.
Іскерлік сапар Қырғызстаннан басталды. Атап айтқанда, кездесулер O!Bank, KICB, Eldik Bank және «Мемлекеттік сақтандыру ұйымы» ААҚ басшылығымен кездесулер өтті. Тараптар бірлескен жобалар бойынша жыл қорытындысын шығарды, сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіп бизнесін қолдауға, сұранысты ынталандыруға және өткізу нарықтарын кеңейтуге бағытталған ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттарын белгіледі.
ЭКА өз кезегінде кәсіпкерлердің әртүрлі қажеттіліктеріне бейімделген қолдау құралдарын таныстырды. Жаңа қаржылық өнім – экспорттық операцияларға кепілдік беруге ерекше назар аударылды. Кепілдік беру құралдары экспортқа бағдарланған қазақстандық өндірушілердің халықаралық тендерлерге қатысуына және экспорттық мүддесі жоғары елдердің нарықтарында шетелдік қатысуды кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бұл өнім экспорттық мәмілелер бойынша төлем міндеттемелерін қамтамасыз ету ретінде ЭКА кепілдігін беру есебінен аванстық төлемдер алу кезінде импорттаушылардың қаражатын тартуды ынталандыратын болады.
Кездесу барысында Қырғызстанның мемлекеттік сақтандыру ұйымының өкілдері қайта сақтандыру мәселелері бойынша бірлескен жол картасын әзірлеуді ұсынды. Қолжетімді тарифтер бойынша қайта сақтандыру мүмкіндігі банктік несиелерге қол жеткізуді едәуір жеңілдетеді және көптеген кәсіпорындар үшін айналым капиталының жетіспеушілігі проблемасын шешеді.
ЭКА Басқарма төрағасының орынбасары Сергей Куклин қолдаудың саны мен көлемі өсуінен тәуекел мөлшері ұлғаятынын, сондықтан сақтандыру ұйымдарымен және халықаралық қайта сақтандыру компанияларымен ынтымақтастықты кеңейту тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
2024 жылы Қырғызстанға экспорттық жөнелтілімдерді сақтандыру бойынша қабылданған сақтандыру міндеттемелерінің сомасы 1,5 млрд теңге құрағанын айта кеткен жөн.
Өзбекстан, Ташкент қ.
ЭКА делегациясының жұмыс сапары Өзбекстанға барумен жалғасты. Жергілікті ірі қаржы ұйымдары – «Капиталбанк» АКБ, Orient Finance Bank, «Asia Alliance Bank» АКБ, «Узпромстройбанк» АКБ, «InfinBank» АҚ, сондай-ақ Өзбекстанның 12 өңірінде 150-ден астам дүкені бар «Себет» сауда желісімен екіжақты келіссөздер өтті.
Келіссөздерде ЭКА клиенттік базаны кеңейтуге, Өзбекстан Республикасының нарығындағы қазақстандық экспортты арттыруға бағдарланған өнімдерді жақсартуға және толықтыруға ниет білдірді. Өзбекстан банктері ЭКА сақтандыру өтелімімен екі ел арасындағы саудалық қаржыландыруды дамытудың орасан зор әлеуетін атап өтті.
Кездесу аясында «InfinBank»АҚ-пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. ЭКА басшысының орынбасары Сергей Куклиннің айтуынша, бұл құжат сауда жобаларын дамытуға ықпал етеді, сондай-ақ Қазақстаннан тауарлар мен қызметтер импортының өсуіне сұранысты ынталандыратын болады.
«Біз Өзбекстан нарығында отандық тауарларға сұраныс артып келе жатқанын және осының салдарынан экспорттың өскенін көріп отырмыз. Мұны сандар да көрсетіп отыр: ЭКА-ның экспорттық келісімшарттар портфелінде Өзбекстан екінші жыл қатарынан көшбасшы болды. Мысалы, өткен жылы біздің құралдарымыздың арқасында Өзбекстанға қолдау көрсетілген экспорт көлемі 25%-ға артты.
Біз халықаралық банктермен, әсіресе саудалық қаржыландыру мәселелері бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз. InfinBank-пен арадағы бүгінгі меморандум біздің бірлескен іс-қимылдарымыздың практикалық алгоритмдерін әзірлеуге мүмкіндік береді», - деп толықтырды ол.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Өзбекстанға экспорттық операцияларды сақтандыру бойынша қабылдаған міндеттемелер көлемі 2024 жылы 98,4 млрд теңге құрады. Кондитерлік өнімдер, ІҚМ еті, шыны бөтелкелер, құрылыс материалдары, ұн, болат дайындамалар, жүгері крахмалы және т. б. экспорты бойынша қолдау көрсетілді.
Тәжікстан, Душанбе қаласы
Сапардың соңғы кезеңі Тәжікстан болды, онда ТР «Амонатбанк» МЖБ, «Ориёнбанк» ААҚ, «Саноатсодиротбонк» ТӨЭБ МБК, Dushanbe City Bank, «Фридом Банк Тәжікстан» ЖАҚ, «Тавхидбанк» ААҚ, ICB жоспарлы кездесулер өтті. Сонымен қатар, әлеуетті импорттаушылардың өкілдері - Тәжік алюминий зауыты (Talco) және «Капитал А» КТ-мен жеке кездесулер ұйымдастырылды.
Тәжікстанның қаржы институттары цифрландыруға, әсіресе өтінімдерді қарау кезіндегі икемділік тұрғысынан үлкен үміт артады. Осыған байланысты ЭКА экспорттаушылар мен импорттаушыларға ыңғайлы болу үшін жаңадан енгізілген жобалар бойынша тәжірибе бөлісуді ұсынды. Сөз «Экспорттаушының жеке кабинеті» онлайн-платформасы жөнінде. Бұл кіруден бастап келісімшартқа қол қоюға дейін толық цифрланған бизнес-процесс. Осы кешенді тәсіл өтінімдерді өңдеуді едәуір жеделдетеді, өзара іс-қимылдың тиімділігін арттырады және экспорттаушылардың уақыт шығынын азайтады.
Платформа бірыңғай терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді және «Bgov» бизнесті қолдау порталымен және «Бәйтерек» холдингінің байланыс орталығымен интеграцияланған, сондай-ақ экспорттаушыға агенттіктің бекітілген менеджерімен онлайн-режимде өзара ықпалдасу мүмкіндігін береді.