Отандық экспорттаушыларды қолдау көлемі 337,4 миллиард теңгеге жетті | Баспасөз релизі | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Баспасөз релизі

Отандық экспорттаушыларды қолдау көлемі 337,4 миллиард теңгеге жетті

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы – «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) 2024 жылдың қорытындысы бойынша отандық экспорттаушыларға 337,4 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетті. Оның нәтижесінде жалпы экономикалық нәтиже 1,8 триллион теңгеге жетті. Ал экспорт алдындағы және экспорттық-сауда қаржыландыру көлемі 30,2 миллиард теңгеге дейін өсті. 

2024 жылы 96 экспорттаушы ЭКА қолдауына ие болды, оның ішінде жаңа клиенттер – 15. Экспорттаушылар сапындағы ШОБ кәсіпорындарының үлесі 78 пайыз болды. Осы аралықта 488 келісімшартқа қолдау көрсетілді.

Экспорттық бағыттардың қатарында Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан, Қытай, БАӘ, Польша, Литва, Беларусь, Түркия, Моңғолия, Эстония, Сингапур және т. б. елдер бар.

Негізінен азық-түлік, металл және агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортталады. Сондай-ақ шетелде машина жасау бұйымдары, құрылыс материалдары, сондай-ақ химия, шыны, парфюмерия-косметика және фармацевтика өнеркәсібі өнімдері де сұранысқа ие.  

Экспорттаушы өңірлер арасында Қарағанды облысы көш бастап тұр, оған экспорттың жалпы көлемінің 58,4 пайызы тиесілі. Аймақ кәсіпорындары құны 197 миллиард теңге болатын экспорт жасады. Одан кейін Қостанай (30,9 миллиард теңге) және Алматы (25,5 миллиард теңге) облыстары жайғасты.

«Агенттіктің негізгі міндеті экспорттаушыларға көрсетілетін қолдау көлемін арттыру, цифрлық сервистерді дамыту және жаңа өнімдер енгізу. Біз алдағы жылдары сақтандыру көлемін екі есе, яғни 1,2 триллион теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Оған қоса, екінші деңгейдегі банктермен бірге шағын бизнес субъектілері үшін портфельдік сақтандыру өнімін әзірлейміз, оның арқасында қаржы тарту жолы жеңілдейтін болады. Сондай-ақ, біз өндірушілерге экспорт алдындағы және сауданы қаржыландыру құралдары арқылы жаңа нарықтарға шығу үшін практикалық қолдау көрсетеміз, оның көлемі келесі жылы үш есеге ұлғаймақ», –  деп атап өтті ЭКА Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов.

Компания басшысының айтуынша, қайта сақтандыруды дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Нақтысын айтқанда, 2024 жылдың екінші жартыжылдығындығының өзінде қайта сақтандыру көлемі екі еседен көп ұлғайды.

Еске салайық, ЭКА отандық экспорттаушыларға арналған цифрлық өтінімдер және шарт талаптарын келісімдеу үшін онлайн-платформаны іске қосты. Жоба Президенттің мемлекеттік басқаруды цифрландыру жөніндегі тапсырмасы бойынша іске асырылды. Онлайн-платформа бірыңғай терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді және «Бәйтерек» холдингінің «Bgov» бизнесті қолдау порталымен және байланыс орталығымен интеграцияланған. Жеке кабинетті online.kazakhexport.kz және ЭКА ресми сайтындағы(www.kazakhexport.kz ) басты бетте табуға болады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

chat Кеңес ал!