Душанбеде экспортты дамыту жөніндегі Орталық Азия агенттіктерінің өңірлік кездесуі өтті | Баспасөз релизі | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Баспасөз релизі

Душанбеде экспортты дамыту жөніндегі Орталық Азия агенттіктерінің өңірлік кездесуі өтті

Душанбеде экспортты дамытуға бағытталған Орталық Азия агенттіктері мен ұйымдарының өңірлік кездесуі өтті. Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан экономика, сауда және экспортқа жауапты мемлекеттік және жеке сектор өкілдері қатысты.

Жиында агенттіктер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу жолдары қамтылды. Сонымен қатар Орталық Азиядағы экспорт бастамаларын жүзеге асыру үшін сауда инфрақұрылымын жетілдіру әдістері талқыға түсті.

Кездесу барысында Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің өкілдері экспорттаушыларға көрсетілетін қолдау, оның ішінде сауданы қаржыландыру және несиені сақтандыру әдістері туралы баяндама оқыды. Одан бөлек, қазақстандық делегация жақында ғана елімізде құрылған экспорттық-кредиттік агенттік трансформациясы, оның негізі қызметі мен бағыты туралы айтып берді.

«Бүгін біз ашық алаңда нарық талабына сай халықаралық сауда ісін талқыладық. Орталық Азияда экспорттық-кредиттік агенттік мәртебесін алғаш алған Қазақстан екені белгілі. Осы орайда біз кез келген қызығушы топпен ынтымақтастық орнатып, өз тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз. Экспортты дамыту жөніндегі институттардың болуы барлық ел үшін тиімді. Экспортты қаржыландыру арқылы жалпы экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру – біздің басты мақсатымыз», - деді «Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Мұқажанов.

Кездесу қатысушылары іс-шараның елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынасты күшейтуге зор ықпал еткенін атап өтті.

Конференция соңында шикізат емес экспортты сақтандыру нарығын дамыту үшін жаңа тетіктер мен серіктестік жолдары қарастырылатыны айтылды.

Айта кетейік, кездесу Орталық Азиядағы сауда бойынша USAID бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.