KazakhExport экспортты қолдау бойынша 129,2 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік кепілдік алды | Баспасөз релизі | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Баспасөз релизі

KazakhExport экспортты қолдау бойынша 129,2 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік кепілдік алды

«KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ («Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы) қолданылу мерзімі 10 жыл болатын 129,2 миллиард теңге көлемінде экспортты қолдауға бағытталған мемлекеттік кепілдік алды.

Экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік KazakhExport сақтандыру міндеттемелерін қабылдау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде KazakhExport 650 миллиард теңгеден астам сомаға сақтандыру және кепілдік міндеттемелерін жауапкершілігіне ала алады.  

KazakhExport сақтандыру өтімділігі жоғары, бұл қазақстандық экспорттаушыларды екінші деңгейдегі банктер арқылы қаржыландыруға жол ашады, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарымен және шетелдік экспорт-кредит агенттіктерімен тиімді ынтымақтастық арқасында қызмет құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Мемлекеттік кепілдік бюджет қаражатын тікелей қолдануды көздемейді, оның мөлшері – ҚР Үкіметінің KazakhExport меншікті капиталын шегергендегі сақтандыру төлемдерінің жабылмаған сомасының бір бөлігін өтеудің шартты міндеттемесі.

 Сонымен қатар, ол KazakhExport сақтандыру өтемімен Қазақстанның экспорт келісімшарттарын қаржыландыру үшін халықаралық капиталды тартуға, сондай-ақ отандық экспорттың географиясын кеңейтуге ықпал етеді.

«Бұл шикізат емес тауарлар өндіретін отандық экспорттаушыларға KazakhExport сақтандыру өтемімен халықаралық қаржы институттары мен ірі коммерциялық банктерден ұзақмерзімді қаржы тартуға, контрагенттермен сауда қаржысын пайдалануға, экспорт келісімшарттары бойынша қаржы тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ экспортты қолдау бойынша KazakhExport құралдарын қолдануға мүмкіндік береді», - деді KazakhExport Басқарма төрағасының орынбасары Рауан Жақсыбаев.