Сенат бірінші оқылымда Экспорт-кредит агенттігі және экспортты дамыту туралы заңды мақұлдады | Баспасөз релизі | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Баспасөз релизі

Сенат бірінші оқылымда Экспорт-кредит агенттігі және экспортты дамыту туралы заңды мақұлдады

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экспорт-кредит агенттігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және шикізат емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын дамыту туралы» ҚР Заңын қарап шығып, бірауыздан мақұлдады.

Заң Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында әзірленді. Жоба «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес компаниясы «KazakhExport» ЭСК» АҚ базасында экспорт-кредит агенттіктің (ЭКА) арнайы құқықтық мәртебесін қалыптастыруды, сондай-ақ шикізат емес экспортты қолдау мен дамытудың негізгі шараларын біріктіруді көздейді.

ЭКА шикізат емес экспортты дамыту және күшейту жөніндегі ұлттық институт ретінде жұмыс істейтін болады деген болжам бар. Бұл бизнестің экспорт мүмкіндігін кеңейтуді және қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, KazakhExport ЭКА мәртебесін алғаннан кейін экспорттаушыларға көрсететін қызмет түрлерін едәуір арттырады. Атап айтқанда, сақтандыру және қайта сақтандыру, экспорт алдындағы және экспорттық сауда-саттықты қаржыландыру, сондай-ақ жаңа-экспорт операцияларына кепілдік беру, сауда-саттықты қаржыландыру бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау есебінен шикізат емес экспортты қолдау шараларын кеңейтуді мақсат етеді.