Башқұртстанның сауда желілері қазақстандық экспорттаушылармен байланыс орнатуға ниет білдірді | Баспасөз релизі | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Баспасөз релизі

Башқұртстанның сауда желілері қазақстандық экспорттаушылармен байланыс орнатуға ниет білдірді

Бүгін Астанада KazakhExport ұлттық экспорттық сақтандыру компаниясы алаңында қазақстандық экспорттаушылар Башқұртстан Республикасының ірі сауда өкілдерімен кездесті. Отандық тауарлар мен қызметтердің қолданыс аясын кеңейту мақсатындағы жиын Башқұртстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және конгресс қызметі министрінің қатысуымен өтті.

 Қазақстандық тауарларды сатып алуы мүмкін клиенттер арасында 7000 сауда нүктесі бар «Рейд-21» ірі дистрибьюторлық компаниясы, құрамында «Полушка» және «Полушка ВкусМаркет» дүкендері бар алып ритейлер «Форвард» ЖАҚ (өз желісі бойынша 56 дүкенге жеткізеді, федералды және аймақтық желілері жұмыс істейді), сондай-ақ көкөніс, жеміс-жидек және бакалея өнімдерін жеткізумен айналысатын «АгроРеспублика» ЖШҚ операторы бар.  

 Екі күндік сапар барысында Башқұртстан делегациясы қазақстандық экспорттаушылармен ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бағытталған келіссөздер жүргізді. Сауда өкілдері KazakhExport қолдау құралдары арқылы нақты экспорттық келісімшарттар жасап, қазақстандық жеткізушілер қатарын арттыруды көздеп отыр.

 Делегациялар алма, пияз, ұн, макарон, кондитерлік өнімдер, шай, шырындар, ет және басқа да тауарларға қызығушылық танытты.

 «Біз Татарстан делегациясымен ұйымдастырылған кездесудің былтырғы тәжірибесіне қайта сүйендік. Оның нәтижесінде KazakhExport сақтандыру өтемімен қазақстандық өнімдер экспортқа емін-еркін шыға бастады. Бұл іс-шара екіжақты қарым-қатынасты нығайтып, отандық тауарлардың сыртта танылуын күшейтеді», - деді Ресей Федерациясының Еділ федералды округіндегі KazakhExport өңірлік директоры Ренат Қалиев.

 Айта кетейік,  келіссөздердің алдын ала қорытындысы Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев пен Башқұртстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және конгресс қызметі министрі Маргарита Болычеваның кездесуі барысында жасалды. Қос тарап сапар қорытындысын шығарып, екіжақты ынтымақтастықтың жоғары әлеуетіне сенім білдірді.