Қуаныш Мұқажанов, KazakhExport: «Қазақстандық экспорттаушылар сенімді қорғалуда» | Компания жаңалықтары | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Компания жаңалықтары

Қуаныш Мұқажанов, KazakhExport: «Қазақстандық экспорттаушылар сенімді қорғалуда»

Шикізаттық емес сектордың экспорты соңғы бес жылдың рекордын жаңартты.

Қазақстан тауарлар мен қызметтер экспортын қарқынды қолдауға бағыт алды. Тек KazakhExport ұлттық компаниясы, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы және сауда және интеграция министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы, пандемияның күрделі кезеңінде отандық тауарлардың шетелге жеткізілуіне қолдау көрсетіп, 2020 жылы 134 млрд теңгеге экспортқа байланысты мәмілелер бойынша сақтандыру міндеттемелерін қабылдады. Биылғы жылдың соңына қарай компания 200 млрд теңге деңгейіне шығуды жоспарлап отыр. Мұндай белсенді өсім - қазақстандық экспорттық-кредиттік агенттіктің эволюциясының көрінісі.

«Курсивпен» әңгімелесу барысында KazakhExport басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Мұқажанов компанияның құрылғаннан бері қалай дамығаны және қазақстандық кәсіпкерлерді қолдауды одан әрі кеңейтуді қалай жоспарлап отырғаны туралы айтып берді.

- Қазақстанда алғаш рет экспорттық кредиттік агенттік 2000-шы жылдардың басында пайда болды. Ол KazakhExport-қа дейін қандай жолдан өтті?

- Мен бұл жолды шартты түрде екі кезеңге бөлер едім: біріншісі - экспорттық агенттіктің құрылуы мен эволюциялық дамуы, сосын 2015 жылдан бастап - агрессивті өсім.

Экспорттық кредиттік агенттік 2003 жылы құрылды, сақтандыру қызметіне 2004 жылы лицензия алды. Сол кезде алғашқы екі өнім - экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру құрылды. Бұл мұндай агенттіктер үшін классикалық өнімдер. Ол кезде компания «Экспорттық кредиттерді және инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» деп аталды.

Даму эволюциялық жолмен жүрді: компания капиталы біртіндеп ұлғайып, жаңа өнімдер енгізілді. Мысалы, сауда қаржыландыруын қорландыру пайда болды - біздің компания екінші деңгейлі банк нақты экспорттық мәмілелерді қаржыландыруға бағыттауы тиіс шартты салымдарды орналастыра алды.

2015 жылы өзгерісті кезең басталды – біз шетелдік экспорттық агенттіктер деңгейінде түйінді мәміле жасадық. Қазақстанның даму банкі «ҚДБ-Лизинг» арқылы Әзірбайжан темір жолын қазақстандық өндірістің 10 локомотивін сатып алуға қаржыландырды. Бұл ретте тәуекелдерді «ҚазЭкспортГарант» (KazakhExport компаниясы бұрын осылай аталатын. - «Курсив»). Бірақ ол кезде компанияның капиталы шағын болды - ол 12 млрд теңгені құрады, ал келісім 9 млрд теңгеге жасалды.

Тиісінше, компания мұндай үлкен тәуекелді өзіне ұстай алмады, бұл қаржылық реттеушінің нормативтерін бұзу болар еді. Бізге ислам мемлекеттерінің экспорттық кредиттік агенттіктері кіретін Aman Union-ға мүшегіміз көмектесті. Осының арқасында Инвестициялар мен экспорттық кредиттерді сақтандыру жөніндегі ислам корпорациясымен (Ислам даму банкінің «еншілесі») қарым-қатынас орнатты, ол бізбен қайта сақтандыру шартын жасасып, мәміле бойынша тәуекелдің 70%-ын өзіне алды.

Бұл мәміле біздің экспорттық кредиттік агенттіктің не істеуге қабілетті екенін көрсетті - біз ұсақ мәмілелерді, мысалы, төлемдердің 30 күнге кешігуін сақтандырып қана қоймай, сонымен қатар ірі тәуекелдерді қабылдап, рейтингі бізден жоғары ұйымдарға қайта сақтандыруға бере алатын болдық.

Нәтижесінде 2016 жылы компанияның жаңа даму стратегиясы қабылданды, онда заңнаманы өзгертуді және жаңа капитал құюды талап ететін бірнеше іс-шаралар жазылды. Келесі жылдар ішінде бұл іске асырылды.

2016 жылы капитал екі еседен астам ұлғайды - 12 млрд теңгеге 14 млрд теңге қосылды, бұл үлкен тәуекелдерді қабылдауға көмектесті. Өнімдер желісін кеңейте бастадық: егер 2015 жылы бес құрал болса, қазір олар саны 18, оның ішінде 16-сы сақтандыру және екеуі банктерді қорландыруды көздейтін құрал. 2017 жылы капитал тағы 14 млрд теңгеге ұлғайтылды, ребрендинг өтті және компания KazakhExport деп аталды.

Заңнамалық база да өзгерді. Біз екінші деңгейлі банктер біздің сақтандыруды алдымен қатаң қамтамасыз ету ретінде қабылдауы, содан кейін біздің сақтандырумен қамтамасыз етілген қарыздар өтімділігі жоғары активке айналуы үшін оларға арналған нормативтерді өзгерту үшін Ұлттық банкпен жұмыс жүргіздік. Бұл реттеу қарыздарды сақтандыру жөніндегі біздің құралға сұранысты арттыруға көмектесті. Ол біздің қоржынымыз көлемінің 75%-ын алады.

- Бұл даму бизнеске қалай көмектесті?

- Егер цифрлармен айтатын болсақ, 2014 жылы біз экспорттаушыларды 4,5 млрд теңгеге, өткен жылы 134 млрд теңгеге қолдадық, ал биыл 200 млрд теңгеге шығамыз деп үміттенеміз. Біздің капитал сыйымдылығымыз да осыған ұқсас өсті: 2015 жылы ол 13 млрд теңге деңгейінде болды, ал қазір, егер мемлекеттік кепілдікпен қосатын болсақ, бұл 317 млрд теңге. Келесі жылы біз мемлекеттік кепілдіктерді одан әрі арттырып, бизнеске қолдау көрсету көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.

Тағы бір мысал. Бұрын біз банктерге барып, экспортты сақтандыру бойынша өз мүмкіндіктеріміз туралы айтатын едік, ал қазір күн сайын бізге бизнесмендер келіп, банктердің бізге өздері жібергенін айтады. Бұл банктердің біздің құралдарымызға сенетінін көрсетеді. Олардың көбімен бізде үлгілік шарттар да бар, ал олардың «тәуекелшілері» KazakhExport-қа белгілі бір кредит лимитін белгілейді.

- Биылғы жылдың күзінде үкімет KazakhExport-қа 100 млрд теңгенің мемлекеттік кепілдігін берді. Мұның қажеті не?

- Біздің сыйымдылығымызды арттыру үшін бюджеттен үнемі капитал құю мемлекет үшін әрдайым орынды емес. Шетелдік экспорттық агенттіктер капиталға тікелей ақша құюды ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік кепілдендіруді де пайдаланады.

Мемлекеттің мақсаты қандай? Банктер, экспорттаушылар және шетелдік сатып алушылар тарапынан біздің ұйымға деген сенімді арттыру және оларға біздің агенттіктің шынымен де сенімді жұмыс істейтінін түсіндіру. Ол үшін мемлекеттік кепілдіктер жеткілікті - компанияның артында мемлекет тұрғаны түсінікті. Егер 2019 жылға дейін біздің өтеміміз квазимемлекеттік деп бағаланса, енді ол егеменді деп есептеледі.

Мемлекеттік кепілдікті алу үшін заңнаманы өзгертуге тура келді - бұрын ол қарастырылмаған еді. Нәтижесінде біз алдымен 2019 жылы 102 млрд теңгеге және биыл 100 млрд теңгеге кепілдік алдық. Жиынтық түрде алғанда, бұл 10 жылға 202 млрд теңгеге.

- Сіздің компанияңыз таяу болашаққа қандай мақсаттар қойып отыр? Қолдау құралдарын дамытуды қалай жоспарлап отырсыздар?

- Біздің мақсатымыздың бірі - шетелдік сатып алушыларды қаржыландыру және біздің өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Қазір елдер арасында өнімнің өзі бойынша ғана емес, сатып алудың қаржылық шарттары бойынша да - кімнің жақсы жағдай жасай алатыны бойынша бәсекелестік жүріп жатыр. Әзірге біз, мысалы, Қытай сияқты бәсекеге қабілетті емеспіз - олар өте төмен мөлшерлемелер ұсынады.

Осы бәсекелестікке төтеп беру үшін біз мөлшерлемені субсидиялау сияқты құралды жасаймыз. Біздің көршілеріміздің арасында оны Ресей мен Беларусь табысты пайдалануда. Бұл құралдың енгізілуі жақында парламент мақұлдаған өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасында жазылған.

Мөлшерлеме коммерциялық бағдарланған пайыздық мөлшерлеме (CIRR) деңгейіне дейін субсидияланатын болады - бұл ЭЫДҰ-да қабылданған мөлшерлеме, одан төмен мөлшерлеме бойынша экспорттық кредит беру жосықсыз бәсекелестік болып есептеледі.

- Ал мұның қажеті не?

- Қазақстанда жеке эксим-банк жоқ, бірақ осы құралдың арқасында барлық коммерциялық банктер оның рөлін өздері атқара алады. Осылайша біз сатып алушы үшін кредит мөлшерлемесін тиімді ете отырып, CIRR деңгейіне дейін төмендетеміз. Бұдан басқа, шетелдік қарыз алушы ақшаны біздің банкке уақтылы қайтармаса, біз осындай мәмілелер бойынша тәуекелдерді өзімізге аламыз.

- 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда экспортты сақтандыру бойынша міндеттемелеріңіз өсті, бұл ретте пандемия мен ең қатаң карантиндік шаралар болды. Күрделі кезеңде кәсіпкерлерге қалай қолдау көрсеттіңіздер?

- Бізге локдаунға байланысты айналым капиталының тапшылығын көрген экспорттаушылар келді - мысалы, тауар немесе шикізат шекарада қалып қойды. Оларға тағы да өнім өндіру немесе тағы да шикізат сатып алу үшін қосымша қаржыландыру қажет болды. Біз оларға өзіміздің сақтандыру қорғауымызбен көмектестік. Иә, нарықтар жабылып, біреулер жоспар бойынша тауарларды бір елге өткізе алмады, бірақ олар жеткізілімдерді басқа елдерге қайта бағдарлай алды. Біз де оларға көмектестік.

- Сіздердің сайттарыңызда компанияның 2023 жылға қарай Орталық Азия мен ЕАЭО-дағы сыртқы экономикалық саясат бойынша негізгі даму институты болуға пайымы туралы айтылған. Бұл іс жүзінде қалай көрінеді?

- Біз ауқымды мәмілелер есебінен кеңеюді көріп отырмыз. Биыл біз 77 экспорттаушыны қолдап отырмыз және бұл сан үнемі өсіп келеді. Бірақ біз клиенттер саны ғана емес, келісімшарттар көлемі де артқанын қалар едік.

Бұл тұрғыда портфелінде шетелдік сатып алушыларды қаржыландыру үшін алынған тәуекелдер үлкен үлесті құрайтын еуропалық кредиттік агенттіктердің тәжірибесі қызықты. Біздің жағдайда бұл, мысалы, үлкен қаражат қажет Өзбекстандағы инфрақұрылымдық жобалар болуы мүмкін. Біз ұн жеткізуді ғана емес, шартты түрде тау-кен байыту комбинатын жаңғыртуды қаржыландыра алатынымызды көрсетіп отырмыз.

Мұндай тәжірибеміз де бар. Біз өз құралдарымызбен қазақстандық инжинирингтік компанияға Қырғызстанда екі алтын шығаратын фабрика салуға көмектестік. Қазақстандық EPC-мердігер құрылыс кезінде отандық жеткізушілерді, мысалы, арматура мен цементті, электротехникалық жабдықтарды тартатынын түсіну маңызды. Біз осындай жобаларға бет бұрғымыз келеді.

Әрине, біз шағын келісімшарттарды да ұмытпаймыз - екпінді өзгертпей, көлемді кеңейтетін боламыз. Бұл өтуді біз бастадық. Сауданы қаржыландыру бойынша мөлшерлемені субсидиялау тетігі іске қосылғаннан кейін бізде «ырғалуға» бірнеше ай болады және банктер бізге осындай ірі жобалармен келетініне сенімдімін.

https://kursiv.kz/news/otraslevye-temy/2021-12/kuanysh-mukazhanov-kazakhexport-kazakhstanskie-eksportery-pod