Қазақстан мен Өзбекстан кәсіпкерлері $2 млрд сомасына келісімдер жасасты | Компания жаңалықтары | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Компания жаңалықтары

Қазақстан мен Өзбекстан кәсіпкерлері $2 млрд сомасына келісімдер жасасты

Өзбекстан Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі болып табылады, жыл қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы $4 млрд құрауы мүмкін.

НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан - Sputnik. Қазақстан мен Өзбекстанның іскер топтарының өкілдері Нұр-Сұлтанда өткен IV Қазақстан-Өзбекстан іскерлік кеңесінің отырысында жалпы сомасы 2 млрд доллар болатын 15 келісімге қол қойды, деп хабарлады «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.

Атап айтқанда, отырыс барысында «Karlskrona LC AB» ЖШС (Қазақстан), «KazakhExport» ЭСК» АҚ (Қазақстан) және Өзбекстанның Науаи облысының әкімдігі арасында қазақстандық өндірістің сорғы және электртехникалық жабдықтарын экспорттық жеткізуге жәрдемдесу және «Науаи» арнайы экономикалық аймағының ауданында «Karlskrona LC AB» ЖШС сорғы және электртехникалық жабдықтар өндірісін ұйымдастыру бойынша бірқатар келісімдерге қол қойылды.

«Аллюр» компаниялар тобы» АҚ (Қазақстан) мен «Узавтосаноат» АҚ (Өзбекстан) арасында Chevrolet Nexia жеңіл автомобильдерін ұсақ тораптық әдіспен (CKD) өнеркәсіптік құрастыру жобасын іске асыру және автоқұрастырғыштарды жеткізу бойынша тағы бір келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ «Горные работы» ЖШС (Қазақстан) мен «Yangi-Angren issiqlik elektr stansiyasi» АҚ (Өзбекстан) арасында 5 жыл ішінде Жаңа Ангрен жылу электр станциясына қазақстандық көмірді жеткізу туралы шартқа қол қойылды.

Өз кезегінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Өзбекстанның сауда-өнеркәсіп палатасы атынан Абылай Мырзахметов пен Адхам Исламов қазақстан-өзбек Іскерлік кеңесінің 2022 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына қол қойды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 1 400 кәсіпорын жұмыс істейді. Отырыс қарсаңында екі елдің кәсіпкерлері Түркістан облысында кездесіп, 600 млн доллардың бірлескен келісімдерін жасады.

«Осындай оң нәтижелерді ескере отырып, жаңа ортақ жобаларды жүзеге асыруға барынша көмек көрсетуді ұсынамын. Қазіргі уақытта жаңа бірлескен кәсіпорындарды іске қосу үшін негіз бар. Біз Өзбекстан бизнесінің үшінші елдердің нарықтарына бірлесіп шығу үшін экспортқа бағдарланған өндірісті дамытуға бағытталған жобаларға қатысуын құптаймыз", - деді Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр.

Нарықтар мен инвестициялар үшін бәсекелестік шиеленісіп бара жатқан жағдайда қазақстандық және өзбекстандық кәсіпкерлер бірнеше бағытта дамуы қажет.

«Бірінші кезекте - сауда қатынастары мен өнеркәсіптік кооперация. 5 жыл ішінде елдеріміз арасындағы тауар айналымы 60% -ға өсіп, 3 млрд доллардан асты, 2021 жылдың 10 айында өсім 37% құрады. Біздің мемлекет басшылары алдымызға 2022 жылы көлемді 5 млрд долларға, таяу жылдары 10 млрд долларға дейін ұлғайтудың өршіл міндетін қойды. Мақсатқа жету үшін біз кәсіпкерлеріміз бір-бірімен белсенді сауда жасап, үшінші елдердің нарығына бірлесіп шығуы үшін біріккен Жол картасын әзірледік", - деді Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары Сардор Умурзаков.

Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары екі елдің кәсіпкерлік қоғамдастығы арасындағы белсенділікті арттыру үшін тоқсан сайын көрмелер, іс-шаралар және сауда миссияларын өткізу үшін әкімдіктермен бірлескен бағдарламаларға қол қою жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов екі елдің кәсіпкерлері арасындағы ынтымақтастық әлеуеті таусылмады деп санайды. Бүгінде Өзбекстан Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі болып табылады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі 4 млрд долларды құрайтын 5 үздік серіктес ел қатарына кіреді. Қазақстандық экспорттың ең ірі баптары - мұнай және мұнай өнімдері, бидай, ұн, күнбағыс тұқымдары, қара, түсті металдар, бейорганикалық химия өнімдері, азық-түлік тауарлары.

«Біздің елдеріміздің әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Бүгінде автоөнеркәсіп, құрылыс секторы және жеңіл өнеркәсіп ынтымақтастық туралы жасалған шарттар бойынша көшбасшылар болып қалуда, бірақ біз ауыл шаруашылығында үлкен мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз. Бізде азық-түлік тауарларын өндіру бойынша кластерлік кооперациялық жобаларды құру әлеуеті бар, олар: ұн тарту өнімдері, макарон өнімдері, кондитерлік өнімдер, май өнімдері, ет өнімдері, жеміс-көкөніс өнімдері, жеңіл өнеркәсіп тауарлары, фармацевтика секторы», - деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

Бұдан басқа, кооперациялық жобаларды дамытуға «Орталық Азия» сауда-экономикалық ынтымақтастық халықаралық орталығының (СЭЫХО) іске қосылуы ықпал етеді. Шекара маңындағы сауда-логистикалық инфрақұрылым мен бірыңғай қазақстан-өзбек тауар тасымалдау жүйесін дамыту, сарапшылардың бағалауы бойынша, транзиттік сауда көлемін 2030 жылы 37,9 млрд долларға дейін ұлғайтады.

https://ru.sputnik.kz/economy/20211204/18826323/Predprinimateli-Kazakhstana-i-Uzbekistana-zaklyuchili-soglasheniya-na-2-mlrd.html