KazakhExport тәуекелдердің бір бөлігін Швейцарияға бере бастады | Компания жаңалықтары | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Компания жаңалықтары

KazakhExport тәуекелдердің бір бөлігін Швейцарияға бере бастады

Әлемдегі ең ірі қайта сақтандыру компанияларының бірі, швейцариялық Swiss Reinsurance Company компаниясы қазақстандық экспорт-несие агенттігі экспорттаушыларды қолдай отырып қабылдайтын тәуекелдерді қайта сақтандыру саласында KazakhExport-пен ынтымақтастықты бастады. Еліміздің қаржы нарығы үшін мұның қандай мәні бар екенін және елдің экспортына қалай әсер ететіні туралы ұлттық компания менеджерлері - басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Мұқажанов пен қайта сақтандыру департаментінің директоры Әсем Молдабаева айтып берді.

Журналист:

- KazakhExport-ты қайта сақтандыру серіктестерін іздеуге не мәжбүр етті?

Қ. Мұқажанов:

- Біз жыл сайын экспортты сақтандыруды қолдау көлемін арттырып келеміз. Егер 2017 жылы біз 40 млрд. теңге сақтандыру міндеттемелерін қабылдасақ, 2020 жылы пандемияға қарамастан 134 млрд. теңге қабылдадық, биыл 200 млрд. теңгеден астам сомаға міндеттеме қабылдаймыз деп үміттенеміз. Бұл ретте сақтандыру тәуекелдерінің табиғаты өзгеруде. Сақтандыру шарттарының мерзімі орта есеппен ұзарып, өнімдер бөлінісінде ассортимент кеңейеді. Егер бұрын біз экспорттаушылардың тәуекелдерін тек жасалған келісімшарттар бойынша қабылдаған болсақ немесе экспорттаушыларға айналым капиталын толықтыру мәселесін шешуге көмектескен болсақ, енді біз экспорттаушыларға өндірістік қуаттарды кеңейтуге, тіпті жаңа өндірісті құруға көмектесеміз. Мұның барлығы ағымдағы портфельдің мөлшері мен құрылымында көрініс табады. Бүгінде ол 263 млрд. теңгені құрайды. Әрине, осыдан келіп біздің сақтандыру сыйымдылығымыздың мөлшері, яғни өзіміздің тұрақтылығымызды жоғалтпай жаңа тәуекелдерді қабылдау мүмкіндігіміз туралы үлкен сұрақ туындайды. Біздің ұйым құрылғаннан бері, 16 жыл бойы Moody's агенттігінің халықаралық кредиттік рейтингін жылына екі рет растайтынымыз белгілі. Ол әрдайым еліміздің егеменді рейтингі деңгейінде болды. Рейтингке қарап, бізден сақтандыру қорғауын алатын экспорттаушылар, банктер және басқа да қаржы ұйымдары өз міндеттемелеріміз бойынша жауап беретінімізге сенімді. Алайда, рейтингті сақтап қалу үшін сақтандыру портфелінің жылдам өсуіне байланысты біз сақтандыру сыйымдылығымызды арттыру мәселесін үнемі шешіп отыруымыз керек. Біз бұл мәселені үш жолмен шешеміз. Бірінші тәсіл - жарғылық капиталды ұлғайту. Соңғы бес жыл ішінде біз 10 есеге капиталдандырылдық. Екінші тәсіл - біздің міндеттемелеріміз бойынша мемлекеттік кепілдік алу. Егер компания капиталы іске асқан сақтандыру жағдайлары бойынша жауап беруге жеткіліксіз болса, бұл кепілдік үкіметтің ақша бөлуін көздейді. Үшінші нұсқа - тәуекелдердің бір бөлігін қайта сақтандыруға беру. Бұл сақтандыру сыйымдылығының бір бөлігін босатады.

Бұдан басқа, тәуекелдерді бөлу, қайта сақтандыру арқылы тәуекелдермен алмасу, тіпті еркін сақтандыру сыйымдылығы мәселесі болмағанда да сақтандыру портфелін әртараптандыру және теңгерімділік тұрғысынан орынды. Бұл халықаралық тәжірибе, ол ондаған жылдар ішінде үлкен дағдарыс кезінде сақтандыру компанияларының тұрақтылығын сақтап қалуына көмектесуімен өзінің тиімділігін көрсетті. Егер біз дәл кредиттік тәуекелдерді қабылдайтынымызды ескерсек, онда бұл біз үшін неғұрлым өзекті.

Журналист:

- Әсем, облигаторлық қайта сақтандырудың ерекшелігі неде?

Ә. Молдабаева:

- Сақтандыру компанияларының қызметiндегi қайта сақтандыру маңызды бағыттардың бiрi болып табылады. Сақтандыру компаниясын таңдай отырып, экспорттаушы немесе кез келген ұйым сақтандырушының беделін, сақтандыру сыйлықақыларының сомасын және оларды төлеу тәртібін, лицензияның болуын, өз қаражатының мөлшерін және сақтандырушы компанияның жарғылық капиталының төленген үлесін және т.б. көптеген факторларды ескеру қажет. Тек аздаған клиенттер ғана, әсіресе ірі немесе күрделі тәуекелдерді сақтандыру кезінде сақтандырушы қайта сақтандыру шартын жасаса ма және жасасса, кіммен және қандай шартпен жасасатынын сұрайды. Өйткені қайта сақтандырушы өзінің резервтерімен қайта сақтанушыны клиент алдындағы міндеттемелерін орындау кезінде қолдайды.

Облигаторлық қайта сақтандыру - беруші және қабылдаушы тараптарды облигаторлық шарттың жабу талаптары мен шектерін негізге ала отырып, берілген портфельге сәйкес барлық тәуекелдерді қайта сақтандыру және қабылдау міндеттемесімен байланыстыратын келісім базасындағы қайта сақтандыру нысаны. Немесе басқаша айтқанда, облигаторлық қайта сақтандыру қайта сақтандырушының кеңсесінде қандай да бір андеррайтингсіз тәуекелдерді тұтас сақтандыру портфелі бойынша бөлуге мүмкіндік береді. Яғни, қайта сақтандырушы бұл жағдайда қайта сақтанушыға өзінің андеррайтингін сапалы өткізіп, барлық тәуекелдерді бағалағаны туралы толық сенім білдіреді және бұл тәуекелдердің бір бөлігін әрбір жаңа сақтандыру шарты жасалғаннан кейін бірден сөзсіз өзіне алады.

Облигаторлық қайта сақтандыру біз үшін көп пайда мен артықшылықтарға ие. Қуаныш айтқандай, біріншіден, бұл компанияның қаржылық көрсеткіштері, атап айтқанда төлем қабілеттілігі жақсарады. Екіншіден, бұл тәуекелдерді сақтандыру туралы шешімді жедел қабылдау үшін автоматты сыйымдылық пайда болады. KazakhExport өзi жасаған қайта сақтандырушымен келiсiм талаптарына сәйкес келетiн барлық сақтандыру шарттарының автоматты түрде қайта сақтандырылатынына кепiлдiк алады. Сақтандыру шартын жасасқанға дейін де ол бойынша міндеттемелерді қайта сақтандырмау тәуекелі жойылады. Үшіншіден, облигаторлық қайта сақтандыру кезінде біз коммерциялық құпияны сақтауға ықпал етеміз, өйткені қайта сақтандырушыға жасалатын әрбір сақтандыру шарты туралы егжей-тегжейлі ақпарат берудің қажеті жоқ. Төртіншіден, біздің клиенттерімізді қорғау жақсаруда, себебі қайта сақтандырушының рейтингі анағұрлым жоғары. Swiss Re рейтингтері: Standart & Poors шкаласы бойынша AA- (very strong), A.M. Best шкаласы бойыншA+ (superior) және Moody 's бойынша Aa3 (excellent). Аталғандардан басқа біз операциялық жүктемені және қайта сақтандыру бойынша үстеме шығыстарды аздап төмендетеміз.

Журналист:

- Жарайды, енді сіздер үшін қайта сақтандырудың неге соншалықты маңызды екені түсінікті. Бірақ Қазақстанда көптеген сақтандыру компаниялары бар, тіпті KazakhExport та олардың ішіндегі ең ірісі емес. Неге олар тәуекелдерді қайта сақтандыруға бермейді?

Әсем Молдабаева:

- Іс жүзінде тәуекелдерді және басқа да техникалық аспектілерді бағалаудың күрделілігі себебінен Қазақстанда және шетелдік нарықта облигаторлық қайта сақтандыру шарттарын жасасу салыстырмалы түрде күрделі рәсім болып табылады. Экспорттаушыларды қолдау кезінде қаржы құралдарын пайдаланатын KazakhExport қызметінде қарыздарды, аккредитивтерді, экспорттық кредиттерді және қысқа мерзімді дебиторлық берешекті сақтандыру портфелін беру өнімдердің өздерінің құрылымымен күрделенеді. «Жалпы сақтандыру» саласындағы отандық сақтандыру компаниялары үшін қаржылық тәуекелдер басым болып табылмайды және соның салдарынан олар мұндай өнімдерге қызығушылық танытпайды. Оның үстіне бүгінгі таңда оларға кредиттік тәуекелдердің андеррайтингін жүргізу қиын. Ол үшін штатта сарапшылар жоқ, себебі бұл олардың бизнесі емес. Сол себептен KazakhExport портфельді өз қолында ұстап тұруды жалғастырып, бір мезгілде серіктес табуға тырысты.

Журналист:

- Оларды табу қиын болды ма?

Әсем Молдабаева:

- Қайта сақтандыру департаментінің қызметкерлері екі жыл бойы портфельді шетелдік нарыққа беру мәселесімен айналысты. Пандемия бұл жерде де келіссөздер мен кездесулер өткізу үдерістеріне өз түзетулерін енгізді. KazakhExport өкілдерінің батыстық қайта сақтандырушылармен соңғы «тірі» кездесулері 2020 жылдың басында өткізілді. Сол кезде әлемдегі ірі брокерлердің бірі AON-мен біздің облигаторлық бағдарламамызды орналастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді, ол сол кезде көптеген елдерде сақтандыру компаниялары мен экспорттық-кредиттік агенттіктер үшін қаржылық тәуекелдерді орналастыру бойынша оң тәжірибеге ие болды. 2020 жылдың басынан бері жақын уақытқа дейін жұмыстар онлайн режимде жүргізілді: келіссөздер, тұрақты хат алмасу, өнімдер бойынша таныстырылымдар, бір жағынан брокер мен қайта сақтандырушылардың көптеген сұрақтары және екінші жағынан KazakhExport қызметкерлерінің жауаптары. Бір жарым жыл ішінде қайта сақтандыру департаментінің қызметкерлері сақтандыру портфелі, шарттар талаптары, статистика, брокер мен қайта сақтандырушылар үшін профайлдарды толтыру бойынша әртүрлі ақпаратты ұсыну бойынша мұқият, қажырлы және еңбекті қажетсінетін жұмыстар жүргізді. Бұл жұмыс биылғы жылдың тамыз айында оң нәтижеге әкелді және біз Swiss Reinsurance Company-мен қарыздарды, экспорттық несиелерді және отандық өндірушілердің экспорттық жеткізілімдері аумағын жабатын қысқа мерзімді дебиторлық берешекті сақтандыру бойынша облигаторлық қайта сақтандыру шартын жасасу жөнінде келісім алдық. Бұл Қазақстанның сақтандыру нарығы тарихындағы осындай ерекше кредиттік тәуекелдерді жабатын алғашқы облигаторлық бағдарлама екенін атап өту қажет.

Журналист:

- Қуаныш, менің түсінуімше, бұл KazakhExport тарихындағы аса маңызды оқиға ма?

Қуаныш Мұқажанов:

- Әрине! Біз мұны батыс нарығы тарапынан біздің кәсіпқойлығымызды мойындау деп бағалаймыз. Цюрихте бас кеңсесі бар қайта сақтандырушы Swiss Reinsurance әлемдегі ең ірі қайта сақтандыру ұйымдарының ондығына кіреді, өз қызметін 1863 жылдан бастап (158 жыл) жүзеге асырады.

Облигаторлық шарт бойынша тәуекелдерді қабылдау - бұл оларды «соқыр тәуекелмен» қабылдауды білдіреді, яғни бұл бізге, тәуекелдерді бағалау жүйелеріне, андеррайтинг пен тариф белгілеуге толық сенімді білдіреді. Swiss Re біздің рәсімдеріміз, бизнес-процестеріміз және андеррайтингіміз залал коэффициентін төмен деңгейде ұстап тұруға тұрақты ықпал ететініне көз жеткізді. Ел ішінде тәжірибесін қабылдайтын ешкім жоқ және біз алыс шетелдердің экспорттық-кредиттік агенттіктеріне қарап дамып жатырмыз. Қазір біз бәрін дұрыс істеп жатқанымызға тағы да көз жеткіздік.

Swiss Reinsurance-пен облигаторлық қайта сақтандыру шартын жасасу KazakhExport қаржылық тұрақтылығын нығайтады, компанияның шетелдік нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейтуге алып келеді, портфельге түсетін жүктемені азайтады және отандық экспорттаушыларды қолдаумен қамтуды ұлғайтады. Қазақстанның экспорттаушылары мен экспорттық мәмілелерге қатысатын банктер осы ынтымақтастықтан тек қана ұтады, себебі олар алатын сақтандыру қорғанысының сенімділігі артады.