ҚР-да Казахинвест және «KazakhExport» Экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ ұлттық компаниялары құрылады | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

ҚР-да Казахинвест және «KazakhExport» Экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ ұлттық компаниялары құрылады

2016 жылғы тоғыз айдың нәтижелері бойынша Қазақстанға кіретін тікелей шетел инвестицияларының жалпы ағыны 27,3%-ға өсіп, 4,5 млрд доллар құраған. Қазақстанда инвестициялар мен экспортты одан әрі арттыру үшін, екі жаңа ұлттық компания құрылады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің алқасында ведомствоның басшысы Жеңіс Қасымбек мәлімдеді деп хабарлайды Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісі.

«Біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) стандарттары мен нұсқауларына сәйкес еліміздегі инвестициялық ахуалды жетілдіру бойынша жұмысымызды жалғастырудамыз. Өткен жылдың қазан айында ЭЫДҰ инвестициялар жөніндегі комитеті ЭЫДҰ кеңесіне Қазақстанды қатысушы ретінде шақыруға кеңес беру туралы шешім қабылдады. Ағымдағы жылдың наурыз-сәуір айларында бұл шешім қабылданады деп күтудеміз», — деп хабарлады Жеңіс Қасымбек.

Ол бір жылдан бері инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты енгізілгендігін еске салды. 2016 жылдың нәтижелері бойынша инвесторлар тарапынан 5,5 мыңнан астам жүгіну келіп түскен және 8 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. 

«Қазір инвесторларға қолдау көрсетудің автоматтандырылған жүйесін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл жұмысты биылғы жылдың бірінші жарты жылдығының соңына қарай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Инвестициялық омбудсмен институты жұмыс істейді. Сыртқы деңгейде инвестицияларды тарту бойынша жұмыс күшейтілді, атап айтқанда, экономикамыздың негізгі инвесторлары болып табылатын он басым елде инвестицияларды тарту жөніндегі кеңесшілер белгіленді», — деп көрсетті Жеңіс Қасымбек.

Оның сөзіне сүйенсек, өңірлік деңгейде облыс әкімдерінің басшылығымен инвестициялар тарту жөніндегі кеңестер құрылған. Қазір Елбасының тапсырмасы бойынша инвестицияларды тарту жүйесін қайта құру жөнінде жұмыс басталды. Бұл ретте министрліктің алдында бірқатар нақты міндеттер тұр. 

Біріншісі — осы жылдың аяғына дейін инвестицияларды тарту бойынша ұлттық стратегия әзірленуі тиіс, онда ағымдағы экономикалық жағдайда инвесторларды тарту үшін басым әрі перспективті салалар анықталады.

Екінші міндет — бұл ұлттық компаниялардың, мемлекеттік органдардың және әкімдіктердің инвестициялар тартудағы жұмысын үйлестіру бойынша министрліктің жұмысын күшейту. «Бұл жұмыс үшін біз Дүниежүзілік банкінің сарапшыларын шақырдық. KaznexInvest Экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттіктің негізінде инвестициялар жөніндегі мамандандырылған ұлттық кампания — „Казахинвест“ құрылуда, ол мақсатты трансұлттық компаниялармен және ірі инвесторлармен үкімет атынан жалғыз келіссөз жүргізуші болып табылады. Ұлттық компанияларды қайта ұйымдастыру және құру бойынша барлық рәсімдерді жақын арадағы екі аптада аяқтау жоспарланып отыр», — деп хабарлайды Жеңіс Қасымбек.

«Бұл инвесторларға ұсынылатын нақты жобалар бойынша бірлесе атқарылатын жұмыс. Осыған орай, ағымдағы жылдың наурыз айының соңына дейін тиісті салалар мен өңірлерде қаржыландыруды талап ететін перспективалық жобалардың тізімі жасалуы тиіс. Бүгінде біз бұл жұмысты мемлекеттік органдармен, ұлттық компаниялармен және әкімдіктермен бірге жүргіземіз. Бірінші жарты жылдықтың соңына дейін аталған жобалар халықаралық стандарттарға сәйкес рәсімделеді», — деп сендірді Қасымбек.

Ол сонымен қатар ведомство ірі инвесторлар мен трансұлттық компанияларды тарту бойынша жұмысты жалғастыратынын қоса айтты. Бұл тұрғыдан инвесторлармен бұрын қол жеткізілген келісімдерге тексеру өткізілді, енді олардың нақты мерзімдерде іске асырылуын дәл мониторингілеумен қамтамасыз ету керек. Бұған қоса, Қазақстан жобалар бойынша жұмыс істейтін трансұлттық компаниялардың мақсатты тізімін және олармен осы жылдың аяғына дейін келіссөздер өткізу кестесін белгілеу керек. 

«Сонымен қатар біз бірлескен жобаларды іске асыру бойынша жұмысты күшейтеміз. Атап айтқанда, Ресеймен 18 жоба әзірленуде. Иранмен, Франциямен, Жапониямен, Оңтүстік Кореямен, Қытаймен, Польшамен де бірқатар жобалар бар. Жалпы бізде шамамен 300-дей осы тәрізді ұсыныстар мен жобалар бар. Сондай-ақ біз жекешелендіру бағдарламасын ілгері жылжытып, СЭЗ қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру тұрғысынан жұмыстар атқарып келеміз, - деп мәлімдеді Жеңіс Қасымбек.

«Мәселен, егер біз феррохромды 2015 жылға қарағанда 188 мың тоннаға артық экспорттаған болсақ, өсім заттай көріністе 21% құраған, дегенмен ақшалай түрде экспорттық түсім 15 млн долларға төмендеген. Катодтық мыспен де жағдай дәл осындай: экспорттың физикалық көлемі өссе де, құны тұрғысынан 90 млн доллардан астам төмендеген. Осыған орай біздің экспортшыларымызға көмек көрсету бойынша жұмыс күшейтілді: Ресей, Қытай, Иран, Түркия, Еуро одақ елдерінің нарығына шығу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар, сауда миссиялары, экспорттық мәмілелерді қаржыландыру, шығындарды өтеу, экспорттық келісімшарттарды сақтандыру және т.б. ұйымдастырылды. Осының нәтижесінде электротехника, дайын металл бұйымдар, пластмасс бұйымдар, құрылыс материалдары сияқты дайын өнім экспортының ұйғаюы байқалады», - деп әңгімелейді Жеңіс Қасымбек. Алқада экспортты ілгерілету мәселелері де талқыланды. Қазақстан әлемнің 117 еліне 960-тан астам тауар түрлерін экспорттайды. Өткен жылдың 11 айында өңдеуші өнеркәсіптегі экспорт көлемі 11,5 млрд доллар құраған, әйтсе де металлургия, химия және мұнай өңдеу сияқты салаларда негізінен әлемдік бағалардың құлдырауы салдарынан шамамен 6,5%-ға төмендеу байқалады.

Бұл тұста инвестициялар мен даму министрі бұл жұмысты күшейту үшін, үкімет жанында экспорт жөніндегі ұлттық кеңес құрылатынын, сондай-ақ «KazakhExport» компаниясы негізінде қазақстандық экспортты ілгерілету бойынша барлық тетіктерді біріктіруі тиіс «KazakhExport» мамандандырылған ұлттық компаниясы құрылғанын атап өтті. Жеңіс Қасымбек жалпы 2017 жыл өңделетін экспортты қалпына келтіру жылына айналады деп қорытындылады.